Жапонияда V Азия Пара ойындарының ашылу салтанаты өтті

Жапонияда V Азия Пара ойындарының ашылу салтанаты өтті
Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Бүгін Жапонияның Нагоя қаласында құрлықтағы ең ірі спорттық додалардың бірі – V Азия Пара ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жарыстың ресми басталуы жарияланып, спортшылардың жүлде жолындағы бәсекесі 24 қазанға дейін жалғасады. Жапония Азия Пара ойындарын өз тарихында алғаш рет қабылдап отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Жарысқа Азияның 45 елі мен аумағынан 4 мыңға жуық спортшы мен команда өкілі қатыспақ. Ойындар бағдарламасына 18 спорт түрі енген.

Қазақстан атынан 12 спорт түрінен 150 параспортшы бақ сынайды. Олар пара жеңіл атлетика, пара дзюдо, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара велоспорт, пара нысана көздеу, пара садақ ату, пара үстел теннисі, арбадағы теннис, отырып ойнау волейболы және бочча бойынша жүлделерге таласады.

Ашылу салтанатында Қазақстанның Мемлекеттік туын ұстап шығу мәртебесі Париждегі 2024 жылғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері, Азия Пара ойындарының чемпионы Дастан Мұқашбеков пен парадзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Аяла Мерекеге берілді.

Биылғы Азия Пара ойындары Қазақстан үшін тарихи оқиғамен ерекшеленеді. Еліміздің атынан алғаш рет зияткерлік дамуында ерекшеліктері бар үш спортшы паражеңіл атлетика мен параүстел теннисінен бақ сынайды. Қазақстан осы санаттағы спортшыларын Азия Пара ойындарына қатыстырған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанады.



Негізгі жарыстар Нагоя қаласы мен Айчи префектурасындағы спорт нысандарында өтеді. Ашылу және жабылу салтанаттары Mizuho Park Athletic Stadium стадионында ұйымдастырылады.

Еске салсақ, кеше Жапонияда V Азия Пара ойындарына қатысушы елдердің тулары көтерілді.