Жеңіс Қасымбек полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады
Астанада Полиция күніне орай ұзақ жылдар бойы адал қызмет атқарып, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген тәртіп сақшыларына 11 қызметтік пәтердің кілті табысталды. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қала әкімінің айтуынша, елорда дамуының негізгі басымдықтарының бірі – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағытта Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидаты табысты жүзеге асырылып келеді.

«Полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың еңбегіне алғыс білдірдім.
Елорда полициясының кадрлық әлеуеті мен материалдық-техникалық базасын нығайту жұмысы жүріп жатыр. Өткен жылдың өзінде қосымша 175 штаттық бірлік бөлдік. Сондай-ақ, былтыр 14 жаңа учаскелік полиция пунктін ашып, 200-ден астам қызметтік автокөлік табыстадық.


Қаланың Полиция департаменті қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелеріне ерекше назар аударамыз. Соңғы жылдары полицейлерге шамамен 100 қызметтік пәтер берілді.
Бүгін ұзақ жылдар бойы адал қызмет етіп, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларына тағы 11 пәтердің кілті табысталды. Жалпы, биыл 26 пәтер бөлінді.

Полиция қызметкерлеріне атқарған адал қызметі, кәсібилігі мен жауапкершілігі үшін ризашылығымды білдіремін. Оларға зор денсаулық, амандық, қызметте толағай табыс тілеймін», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.



