Референдум-2026

Жазғы демалыс: Балаларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілуде

Бүгін, 13:37
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жазғы демалыс: Балаларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілуде
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Жазғы кезеңде ҚР ТЖМ бөлімшелері балалардың жарақаттануының алдын алуға және жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық іс-шараларды жүргізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, мектепке дейінгі ұйымдарда, мектеп жанындағы және сауықтыру лагерлерінде, әскери-патриоттық лагерьлерде, сондай-ақ көпқабатты үйлердің аулаларында құтқарушылар тақырыптық сабақтар, интерактивті сағаттар, спорттық эстафеталар, байқаулар мен практикалық жаттығулар ұйымдастырады. Балаларға өрт қауіпсіздігі, суда және тұрмыста қауіпсіз өзін-өзі ұстау ережелері түсіндіріліп, жабдықталмаған орындарда шомылудың және терезеден құлап кетудің қаупі ескертіледі, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кездегі дұрыс әрекеттерге үйретеді.

Елордалық құтқарушылар балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен мектеп жанындағы лагерьлерде жүйелі түрде профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Кездесулер барысында балаларға өрт қауіпсіздігі ережелері, жабдықталмаған және тыйым салынған орындарда шомылудың қауіптілігі, сондай-ақ терезеден құлап кетудің алдын алу шаралары туралы еске салынды. Құтқарушылар қауіпсіз мінез-құлықтың негізгі ережелері мен төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету тәртібін қолжетімді түрде түсіндіруде. Мұндай жұмыс өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп, балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.

Батыс Қазақстан облысында профилактикалық жұмыстар жазғы сауықтыру лагерлерінде, көпқабатты үйлердің аулаларында және «Ақжайық қырандары» әскери-патриоттық лагерінде жүргізілуде. Құтқарушылар балалармен және тәрбиешілермен түсіндірме әңгімелер өткізіп, өрт қауіпсіздігі, үйде және көшеде қауіпсіз жүру ережелерін, сондай-ақ балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу шараларын еске салды. Терезелерге арнайы бекіткіштер орнату және ересектер тарапынан балаларды үнемі бақылау қажеттігіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, лагерь тәрбиеленушілері өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасымен, арнайы жабдықтармен және құтқарушы мамандығымен танысты. Мұндай кездесулер балаларға қауіпсіздік ережелерін жақсы меңгеруге көмектесіп, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастырады.

Маңғыстау облысында балалар үшін танымдық, спорттық және шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Балалар лагерьлерінде «Өртсіз балалық шақ» атты командалық жарыстар өтті, оның барысында қатысушылар өрт қауіпсіздігі бойынша білімдерін бекітіп, командалық бірлік пен түрлі жағдайлардағы дұрыс әрекет ету дағдыларын көрсетті. Сондай-ақ балабақша тәрбиеленушілері үшін өрт сөндірушілердің қатысуымен спорттық-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Балалар құтқарушылардың жұмысымен танысып, өрт сөндіру жеңімен өз бетінше жұмыс жасап көрді, эстафеталар мен тақырыптық байқауларға қатысты. Ақтау қаласындағы № 58 «Балауса» балабақшасының тәрбиеленушілері арасында өрт қауіпсіздігіне, судағы қауіпсіздікке және күнделікті өмірдегі қауіпсіз мінез-құлық ережелеріне арналған «Қауіпсіз балалық шақ» сурет байқауы өткізілді. Бұдан басқа, ТЖД қызметкерлері мектепке дейінгі жастағы балалар үшін өрт қауіпсіздігі, тұрмыстағы қауіпсіздік және төтенше жағдайлардағы іс-әрекеттер бойынша танымдық сабақтар өткізді. Алған білімдерін балалар ТЖД мамандары әзірлеген тақырыптық бояулардың көмегімен бекітті.

Павлодар облысында балаларды алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйретуге ерекше көңіл бөлінді. Апаттар медицинасы орталығы филиалының қызметкерлері №27 орта мектеп оқушыларына арналған сабақ өткізіп, онда жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу алгоритмі мен қан тоқтататын бұрауды салу тәртібін көрсетті. Оқушылар алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітіп қана қоймай, санитариялық автокөліктің жарақтандырылуымен және заманауи медициналық жабдықтармен танысты. Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті балаларды сауықтыру лагерьлерінде кешенді профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қолдауымен әлеуметтік осал 120 отбасында терезе блокираторлары орнатылды. Өңірде профилактиканың заманауи форматтары да белсенді қолданылуда, балалар қауіпсіздігі бойынша оқыту материалдары бар QR-кодтар INMART сауда желісінің қаптама пакеттерінде, «Детский мир» дүкендерінің пакеттерінде, медициналық ұйымдардың рецептурлық бланкілерінде, сондай-ақ арнайы стикерлер мен магниттерде орналастырылған. Сонымен қатар балаларды үйде және көшеде қауіпсіз жүріп-тұру қағидаларымен ойын түрінде таныстыратын арнайы бояу әзірленді.

«Балалардың қауіпсіздігі ересектер тарапынан үнемі назар аударуды және жауапкершілікті талап етеді. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау және балаларды қауіпсіз мінез-құлық дағдыларына уақтылы үйрету жазатайым оқиғалардың алдын алуға, сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді», деп ескертті ведомствода.

Еске салсақ, ІІМ азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.