Жаңа модельдің өзегінде адамға бағдарланған тәсіл тұр - Ерлан Сәрсембаев
Негізгі идея қарапайым – мемлекет азамат үшін қызмет етеді. Осы логикадан Конституцияның бүкіл архитектурасы туындайды. Жаңа модельдің өзегінде адамға бағдарланған тәсіл тұр. ҚР Әділет министрі, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Ерлан Сәрсембаев жаңа Конституция жобасына қатысты «Кемел қоғамның Конституциясы» мақаласында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«15 наурызда жалпыхалықтық дауыс беруге шығарылатын жаңа Конституция жобасы –мемлекеттік құрылысты жай ғана құқықтық жаңарту емес. Мұнда бұдан да терең міндет тұр: қазіргі қоғамда мемлекет қалай жұмыс істеуі керек және бұл жүйеде адам мен азаматтың орны қандай болуы тиіс деген мәселені айқындау. Негізгі идея қарапайым – мемлекет азамат үшін қызмет етеді, яғни адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін.
Осы логикадан Конституцияның бүкіл архитектурасы туындайды. Жаңа модельдің өзегінде адамға бағдарланған тәсіл тұр. Мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары тікелей аталады. Бұл саяси ұран емес, бүкіл құқықтық жүйенің бағытын айқындайтын заңды қағида. Заңдар, мемлекеттік органдардың шешімдері және саяси институттардың қызметі жеке тұлғаның мүддесімен және адам қадір-қасиетін қорғаумен үндесуі тиіс», - деді Ерлан Сәрсембаев.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесінің пікірінше, адам құндылығын мойындау нақты қорғау тетіктерімен қамтамасыз етілгенде ғана мәнге ие болады. Сондықтан жаңа Конституция тек қағидаттарды ғана емес, нақты құралдарды да белгілейді.
«Сот арқылы қорғану құқығы күшейтілуде және мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті мемлекетке толықтай жүктелуде. Азамат үшін бұл түсінікті жайт: егер оның құқықтары бұзылса, оларды қалпына келтірудің заңды жолдары бар. Құқықтық мемлекет дәл осы жерден – адамның өз құқығын қорғай алу мүмкіндігінен басталады.
Келесі логикалық қадам – ережелердің болжамдылығы. Құқықтар қанша мықты болғанымен, егер заң тұрақсыз болса, олардың мәні әлсірейді. Сондықтан азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күшіне тыйым салу ерекше маңызға ие. Ережелер өткенге қарай өзгермеуі тиіс. Бұл – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің іргетасы. Адам мемлекет түсінікті әрі тұрақты нормалармен әрекет ететініне сенімді болуы керек. Мұндай сенімсіз экономикалық даму да, инвестиция да, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау да мүмкін емес», - деді Ерлан Сәрсембаев.