Жамбыл облысында анасы ұлы жасаған буллинг үшін жауапкершілікке тартылды
Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық соты ӘҚБтК 127-2-бабының 3-бөлігі бойынша кәмелетке толмаған баланың анасына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жамбыл облысының сотына сілтеме жасап.
2026 жылдың мамыр айында Мойынқұм ауданындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы бірнеше 8-сынып оқушыларына буллинг жасап, олардан ақша сұраған. Заңнама талаптарына сәйкес хаттама оқушының анасына қатысты жасалды.
Кінә хаттамамен, полиция бөліміне болған оқиға туралы хабарламамен, тараптардың түсініктемелерімен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сотта азаматша Ж. хаттамада көрсетілген мән-жайларды мойындап, болашақта мұндайға жол бермеуге уәде берді.
Прокурор әйелге 10 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындауды сұрады.
ӘҚБтК 127-2-бабы 3-бөлігінің санкциясы ата-анасына ескерту жасау немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.
Сот жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.
Сот қаулысымен Ж. ӘҚБтК 127-2-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 43 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енді.