Жабайы қарасораны жоюдан бас тартқан ақтөбеліктер жауапкершілікке тартылды
Ақтөбе облысында учаскелік полиция инспекторлары тұрғындар арасында есірткінің алдын алу бағытында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Іс-шара аясында жалдамалы және күмәнді пәтерлер тексеріліп, тіркеусіз тұратын азаматтар анықталып, есірткі қолданылуы мүмкін орындарға бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін 5 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, үй-үйді аралау барысында алкоголь мен есірткі қолданатын адамдар жиналуы мүмкін 76 күмәнді пәтер анықталып, бақылауға алынды.
Іс-шара барысында притондарда есірткі қолданған 3 нашақор мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Жыл басынан бері мұндай емдеуге 21 адам жолданған.
Шара аясында жабайы қарасора ошақтарын анықтау мен жоюға ерекше назар аударылуда. Жабайы қарасораны жою бойынша тиісті шараларды қабылдамағаны үшін 3 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері есірткіні насихаттайтын заңсыз жазбаларды жою жұмыстарын жалғастыруда. Жыл басынан бері тұрғын үй секторын тексеру барысында көпқабатты үйлердің қабырғаларына салынған 44 наркограффити анықталып, толықтай өшірілді.
Полиция департаменті жер учаскелерінің меншік иелері мен пайдаланушыларына жабайы қарасораның өсіп кетуіне жол бермеу және оны дер кезінде жою – заңмен белгіленген міндет екенін еске салады. Бұл талаптарды орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Еске салайық, бұдан бұрын Ақтөбеде шаруа қожалығы аумағынан 500-ден астам түп қарасора өсірілген алқап анықталғаны туралы жаздық.