Ұлттық ұланның әскери қызметшісі жауынгерлік самбодан халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды

Бүгін, 17:57
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Ұлттық ұланның әскери қызметшісі жауынгерлік самбодан халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Мәскеу қаласындағы Халықаралық самбо орталығында биыл бесінші рет ұйымдастырылған жауынгерлік самбо лигасының мерейтойлық турнирі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылдар ішінде турнир жауынгерлік самбо әлеміндегі ең беделді жобалардың біріне айналып, Ресей мен шет мемлекеттердің ең мықты спортшыларын бір арнаға тоғыстырды.

Ресей Федерациясының астанасында жауынгерлік самбо лигасының Гран-при финалы өтті. Аталған додаға Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Камерун елдерінің өкілдері қатысты. Кілемге әлем чемпиондары, спорт шеберлері мен ұлттық құрамалардың көшбасшылары шығып, жарыстың жоғары халықаралық деңгейін айқын көрсетті.

Тартысты өткен белдесулер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі — 6697 әскери бөлімінің 1-оперативтік мақсаттағы батальоны автомобиль взводының 1-автомобиль бөлімшесінің аға маманы - аға жүргізушісі ефрейтор Мәлік Байсұлтанов бірінші орынды иеленді. Оның сенімді өнер көрсетуі мен жоғары деңгейдегі дайындығы кәсібилік пен спорттық шеберліктің жарқын үлгісіне айналды.

Айта кетейік, мерейтойлық турнир жауынгерлік самбо лигасының батыл идеядан бастап, жарыстарды ұйымдастырудың жаңа стандарттарын қалыптастырған тұрақты кәсіби алаңға дейінгі өсімін айқын көрсетті.

Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің халықаралық аренадағы жеңісі Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы жауынгерлерінің дене және жауынгерлік даярлығының жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бұған дейін Қазақстан ауыр атлеттері Қырғызстанда төрт алтын медаль жеңіп алғанын жаздық.