Ұлттық ұланда Бірыңғай есеп айырысу орталығы жұмысын бастады

Бүгін, 14:13
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ұлттық ұланда Бірыңғай есеп айырысу орталығы жұмысын бастады
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында Бірыңғай есеп айырысу орталығы (БЕО) өз жұмысын бастады. Орталықтың құрылуы қаржылық жүйені жетілдіруге және цифрландыруға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұған дейін әскери қызметшілерге ақшалай үлес, қызметшілерге еңбекақы және өзге де төлемдерді есептеумен әскери бөлімдердің қаржы қызметтері айналысып келді. Енді бұл міндеттер жүйеленіп, орталықтандырылды.

«Орталықтың басты міндеті – жеке құрамға төлемдердің дәл әрі уақытылы жүргізілуін қамтамасыз ету. Бірыңғай жүйе құжаттарды өңдеу мерзімін қысқартуға, қателіктердің орын алу ықтималдығын төмендетуге және қаржылық есептеулердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада. 

БЕО жұмысының негізгі нәтижелерінің бірі – төлемдерді бір мезгілде жүргізу жүйесі. Енді Қазақстанның барлық өңірлеріндегі Ұлттық ұлан әскери қызметшілері ақшалай үлестерін бір уақытта алады.

Сонымен қатар, БЕО әскери бөлімдердегі қаржылық үдерістерді біріздендіруге және заңнамадағы өзгерістерді жедел ескеруге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтар ҰБТ-сыз азаматтық жоғары оқу орындарына түсе алатыны туралы жаздық.