Ұлттық қорғаныс университетін биыл Ұлттық ұланның 24 офицері тәмамдады
Ұлттық қорғаныс университетін тәмамдаған Ұлттық ұланның 24 офицерімен ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл еліміздің жетекші әскери жоғары оқу орнын Ұлттық ұланның 24 офицері сәтті аяқтады. Олардың қатарында жедел-тактикалық басқару деңгейі бойынша магистрлік бағдарламаларды меңгерген 19 офицер, Қарулы күштер Бас штабы академиясы факультетінің екі түлегі және докторантура бағдарламасы бойынша диссертациялық жұмыстарын қорғап, ғылым докторы дәрежесін алған үш офицер бар.

Кездесу барысында Аңсаған Балтабеков түлектерді оқуын сәтті аяқтауымен құттықтап, олардың кәсіби даярлығы құқықтық тәртіп әскерлерінің әлеуетін арттыруға және басқару жүйесін жетілдіруге ықпал ететінін атап өтті.
– Алған білім мен тәжірибені қызмет барысында тиімді қолданып, әскери тәртіпті нығайтуға, бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен қызметтік міндеттерді сапалы орындауға өз үлестеріңізді қосады деп сенемін, – деді Бас қолбасшы.
Ведомство мәліметінше, Ұлттық қорғаныс университетінде офицерлерді даярлау басқарушылық қабілеттерді дамытуға, стратегиялық ойлауды қалыптастыруға және заманауи қауіп-қатерлер жағдайында тиімді шешім қабылдай алатын әскери басшыларды тәрбиелеуге бағытталған.

Бүгінде оқу орны еліміздегі ірі ведомствоаралық білім беру және ғылыми орталықтардың бірі саналады. Оның мыңдаған түлегі Қазақстанның күштік құрылымдарында жауапты қызмет атқарып келеді.
Кездесу соңында офицерлер әскери бөлімдер мен құрамаларда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және мемлекет мүддесін қорғау жолында адал қызмет ететіндерін жеткізді.

Айта кетейік, жоғары әскери білім мен ғылыми даярлықтан өткен офицерлердің кәсіби әлеуетін арттыру Ұлттық ұланды дамытудың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Бұған дейін әскерде сарбаздар пікірі негізінде командирлер рейтингі жасалғанын жаздық.