Референдум-2026

ТЖМ судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды

Бүгін, 12:37
Думан Аманжол Думан Аманжол
ТЖМ судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды
Фото: pexels.com

Шомылу маусымында су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі рұқсат етілмеген әрі арнайы жабдықталмаған орындарда болады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ведомствоның мәліметінше, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау және олардың ересектердің бақылауынсыз шомылуына жол бермеу – басты талаптардың бірі.

Сонымен қатар азаматтарға бейтаныс әрі шомылуға арналмаған орындарда, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады» және «Қауіпті! Иірім» деген ескерту белгілері қойылған аумақтарда суға түспеу ұсынылады.

ТЖМ мас күйінде шомылмауға, арнайы белгіленген қалқымалардан асып жүзбеуге, қайықтар мен басқа да жүзу құралдарына жақындамауға, сондай-ақ тексерілмеген жерлерде суға сүңгімеуге кеңес береді. Бұдан бөлек, жүзуге арналмаған заттарды пайдалануға, қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан, тастардан, қоршаулардан және осы мақсатқа арналмаған басқа да құрылыстардан суға секіруге болмайды.

Министрлік қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды кепілі екенін атап өтті. Ведомство азаматтарды өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, жақындарының қауіпсіздігіне де бейжай қарамауға шақырды.

Еске салсақ, судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға 5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.