Референдум-2026

Шымкентте ақша бопсалаумен айналысқан блогер мен сыбайластары ұсталды

3 шілде, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Шымкентте ақша бопсалаумен айналысқан блогер мен сыбайластары ұсталды
фото: polisia.kz

Шымкентте бейнематериалдарды жариялаймын деп қорқытып, азаматтардан ақша бопсалаумен айналысқан топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Жедел іс-шаралар барысында Instagram желісінде 150 мыңға жуық оқырманы бар жергілікті блогердің үш сыбайласымен бірге кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілерді әдейі бейнетаспаға түсіріп жүргені анықталды.

Олар қызметтік міндеттерін атқару барысында орын алды деп болжанған тәртіп бұзушылықтарды, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке қатысты болуы мүмкін заң бұзушылықтарды сылтау етіп, түрлі бейнематериалдар жинаған.

Кейін сол бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жарияламау үшін азаматтардан ақша талап еткен.

Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұдан бұрын Ақтөбеде студентті қорқытып, несиеге ақша алдыртқан бопсалаушы ұсталғаны туралы жаздық.