Бүгін елімізде Ұстаздар күні аталып жатыр

Бүгін, 09:19
Думан Аманжол Думан Аманжол
Бүгін елімізде Ұстаздар күні аталып жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Қазақстанда 5 қазанда ең маңызды мерекелердің бірі – Ұстаздар күні атап өтіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ұстаз мамандығы терең білімді, сабырлықты, жауапкершілікті және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілікті талап етеді. Педагогтер балаларға білім беріп қана қоймай, ойлануға, шешім іздеуге, дербес әрі жауапты болуға үйретеді. Көбіміз қиындықтарды еңсеріп, өз мақсатымызға жетуге қолдау көрсеткен ұстаздарымызды ризашылықпен еске аламыз. Мұғалімдердің кәсібилігі, жігері мен адами қасиеттері қазақстандық жас ұрпақтың білім алуы мен тәрбиесінде маңызды рөл атқарады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде білім беру жүйесінің барлық деңгейінде 600 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Бұл мектептерді, мектепке дейінгі және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын қамтитын ауқымды кәсіби қауым. 

«Еліміздің мектептерінде 420 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда 104 мыңнан астам маман, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 42 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарының барлық деңгейінде әйел мамандардың үлесі басым», - делінген хабарламада.

Педагогтер арасында көпжылдық тәжірибесі бар мамандардың үлесі де жоғары. Мектептерде 53 мыңнан астам педагогтің еңбек өтілі 30 жылдан асады. Тағы 73 мыңнан астам педагог білім беру саласында 20 жылдан 30 жылға дейін еңбек етіп келеді.

Мектепке дейінгі ұйымдарда 5 мыңнан астам, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 4 мыңнан астам педагогтің еңбек өтілі 30 жылдан жоғары.

Бұл көрсеткіштер еліміздің білім беру жүйесінде бірнеше буын өкілдерінің қатар еңбек етіп, кәсіби тәжірибе мен педагогикалық дәстүр сабақтастығын жалғастырып келе жатқанын көрсетеді.