Шетелдіктер асырап алмақ болған: бір жасар сәби Ұлыбританиядан Қазақстанға қайтарылып, әкесімен қауышты

Шетелдіктер асырап алмақ болған: бір жасар сәби Ұлыбританиядан Қазақстанға қайтарылып, әкесімен қауышты
Фото: Балалардың құқықтарын қорғау комитеті

Ұлыбританияда дүниеге келген бір жасар қыз Қазақстандық тараптың жүйелі іс-қимылының нәтижесінде елге қайтарылып, туған әжесімен және өз әкесімен қауышты. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мамандардың туыстарымен жүргізілген профилактикалық және түсіндіру жұмыстарының барысында қыздың әжесі мен әкесі баланы өз қамқорлығына алып, отбасында тәрбиелеуге ниетті екендіктерін білдірген.

«Кішкентай отандасымызды елге қайтару үшін ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлескен ауқымды жұмыс атқарылды. Біз сәбидің жақын туыстарын анықтап, оны Қазақстанға қайтару туралы шешімге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта бүлдіршін өз үйінде, туғандарының жанында», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, аталған жағдай шұғыл әрекет етуді талап еткен. Себебі бастапқыда Ұлыбританияның құзырлы органдары сәбиді сол жақтағы британдық отбасыға асырап алуға беру мәселесін қарастырған.

«Сондай-ақ елге қайтару шаралары аясында балаға қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлік рәсімделді», - делінген хабарламада.

Бұған дейін тіс емдеу кезіндегі 3 жасар қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шыққанын хабарладық.