Құтқарушылар су айдындарында қауіпсіздік шараларын күшейтуде
Елімізде құтқарушылар полиция, жергілікті атқарушы органдар, әскери қызметшілер және еріктілермен бірлесіп су айдындарында профилактикалық жұмыстар өткізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара «Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз» республикалық профилактикалық акциясы аясында өткізілуде. Ел бойынша қауіп деңгейі жоғары учаскелерде 9 топ құрамындағы 43 әскери қызметші қызмет атқаруда. Олар күн сайын 130 шақырымнан астам жағалау аумағын патрульдеп, шағын көлемді кемелердің қозғалысын бақылайды, демалушылар мен кеме иелері арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ жүзу құралдарының шомылу аймақтарына кіруіне жол бермеу шараларын қабылдайды.

Астанада ТЖД қызметкерлері полиция және еріктілермен бірлесіп елорданың су айдындарында патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, демалушылармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, қауіпсіздік қағидаларын сақтаудың маңыздылығын түсіндіруде. Осындай жұмыстар Абай, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және басқа да өңірлерде ұйымдастырылған. Сонымен қатар Каспий теңізінің жағалауында, Балқаш және Алакөл көлдерінде, Қапшағай және Бұқтырма су қоймаларында, Бурабай мен Баянауыл ұлттық парктерінде, сондай-ақ азаматтар көп демалатын өзге де орындарда профилактикалық рейдтер өткізілуде. Ақтөбе облысы ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп өзендер мен көлдерде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды, тексеру барысында рұқсат етілмеген орындарда шомылғаны үшін 11 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Батыс Қазақстан облысында 21 әкімшілік хаттама толтырылса, Жамбыл облысында кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырған 5 ата-анаға ескерту жасалып, тиісті шаралар қабылданды.

Төтенше жағдайлар министрлігі судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі жабдықталмаған орындарда шомылу, қарапайым қауіпсіздік қағидаларын елемеу, су айдындарында мас күйде болу және балаларды қараусыз қалдыру салдарынан орын алатынын еске салды.
«Тек ресми түрде рұқсат етілген жағажайларда шомылыңыздар, балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, жүзу құралдарын пайдаланған кезде құтқару кеудешелерін киіңіздер және су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаңыздар», деп ескертті ведомствода.
Еске салсақ, елордада балалардың терезеден құлауының алдын алуға бағытталған шаралар күшейтілді.