Қорғалжын қорығында қанша киік бар екені белгілі болды
Қорғалжын қорығында ақбөкендерге әуе санағы жүргізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«22–23 сәуір күндері «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК қызметкерлерімен бірлесіп қорық аумағында ақбөкендерге әуе есебі жүргізілді. Жалпы саны 8 025 ақбөкен есепке алынды, олардың басым бөлігі Теңіз көлінің батыс жағалауы бойында шоғырланған», делінген хабарламада.
Қорық өкілдерінің түсіндіруінше, мамыр айының басында ақбөкендер төлдей бастайды. Бұл уақытта жануарлар төлін аман-есен өрбіту үшін тыныш, оқшау жерлерді іздейді. Сондықтан мамыр айының басында ақбөкендер қыстау орындарынан төлдеу аймақтарына қарай жаппай қоныс аударады. Жыл сайын ақбөкендер оңтүстіктен солтүстікке қарай қорық аумағы арқылы көшіп өтеді.
Еске салсақ, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қыста киіктің бір бөлігінің қырылуы табиғи құбылыс екенін мәлімдеген еді.