Қазақстандық жас құтқарушылар Мәскеу облысында әлем чемпионатына қатысады

Бүгін, 16:02
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстандық жас құтқарушылар Мәскеу облысында әлем чемпионатына қатысады
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

22-25 тамыз аралығында Ресей Федерациясының Мәскеу облысы Жуковский қаласында жасөспірімдер арасында өрт-құтқару спорты бойынша XV әлем чемпионаты және қыздар мен жасөспірімдер арасында XI әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл халықаралық жарысқа 11 елдің өкілдері қатысады. Олардың қатарында 6 ерлер және 5 әйелдер құрамасы бар.

«Қазақстан делегациясын төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов басқарады. Сонымен қатар ол әлем чемпионатында жарыстың бас төрешісі қызметін атқарады. Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының әлем чемпионатына қатысуы «Қазақстандық құтқарушылар қоры» жеке қорының қолдауымен жүзеге асырылады. Қор өрт-құтқару спортын дамытуға және спортшыларды қолдауға белсенді үлес қосып келеді», - делінген хабарламада.

Қазақстан ТЖМ намысын 13-18 жас аралығындағы ұлдар мен қыздардан құралған ұлттық құрама командалар қорғайды. Спортшыларымыз үшін бұл шеберлік пен кәсіби даярлықтың жоғары деңгейін көрсетуге, төзімділік пен командалық рухты танытуға, сондай-ақ қазақстандық өрт-құтқару спорты мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеуге берілген маңызды мүмкіндік.

Еске салсақ, Астанада тұрғын үй кешенінде өрт қауіпсіздігі бойынша оқу-жаттығу өтті.