Қазақстандағы сыра өнімдерін өндірушілер мен импорттаушылар цифрлық таңбалау жүйесінде тіркелуге міндеттеледі
«Таңбалауға жататын тауарлар тізбесін айқындау туралы» бұйрығына сәйкес, Қазақстанда сыра және сыра сусындары 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізбесіне енгізілді. Өндірушілер мен импорттаушылар жүйеде тіркелуі міндетті, деп хабарлады Elordainfo.kz Қазақстандағы тауарларды цифрлық таңбалау Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Сыра мен сыра сусындарын міндетті таңбалауды енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап – кегтер мен бөтелкелерде шығарылатын сыра мен сыра сусындарын міндетті таңбалау, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – қаңылтыр банкілердегі сыра мен сыра сусындарын міндетті таңбалау енгізіледі.
Көрсетілген мерзімдерден кейін өндірілген немесе импортталған барлық өнім тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде міндетті түрде тіркелуі тиіс. Әрбір тауар бірлігіне айналымға енгізілгенге дейін Data Matrix коды қойылуы қажет.
Сыра өндірушілері мен импорттаушылары https://tanba.markirovka.kz/ сілтемесі арқылы өнеркәсіптік стендте тіркеуден өте алады. Тіркеу үшін жарамды электрондық цифрлық қолтаңба, ұйым туралы өзекті деректер (БСН/ЖСН, атауы, байланыс мәліметтері), сондай-ақ ЭЦҚ-мен жұмыс істеу үшін орнатылған NCALayer бағдарламалық қамтамасыз етуі қажет.
Кезең-кезеңімен тіркелу
Басты бетте тіркеліп, ЭЦҚ көмегімен авторизациядан өту қажет. Міндетті жолдарды (атауы, байланыс деректері, мекенжайлар) толтырғаннан кейін пайдалану шарттарымен келісімді растау және өтінімді жіберу керек.
Одан кейін қосылу туралы келісімге қосылу жөніндегі өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қою қажет, ал қажет болған жағдайда таңбалау кодтарын алу туралы шартқа да қол қоюға болады. Тіркеліп болған соң үш жұмыс күні ішінде көрсетілген электрондық пошта мекенжайына құпиясөз орнатуға арналған сілтемесі бар растау хаты келеді.
Пайдаланушы тіркелгісін іске қосқаннан кейін пайдаланушылар жеке кабинетке қол жеткізеді. Онда таңбалау мен өнімді қадағалау үшін қажетті атауы, көлемі, құрамы және басқа да сипаттамалары көрсетілген тауар карточкаларын жасауға және өңдеуге болады.
Таңбалау не үшін қажет
Сыра өнімдері акцизделетін тауарларға жатқанына қарамастан, қазіргі уақытта Қазақстанда олар есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалауға жатпайды, яғни орталықтандырылған ақпараттық жүйе жоқ. Нәтижесінде, тұтынушылар тауардың заңды шығу тегі туралы мәліметтердің жеткіліксіздігінен, контрабандалық өнімді сатып алу қаупі бар.
Ұзақ мерзімді келешекте таңбалаудың арқасында бизнес үшін бірқатар артықшылықтар қалыптасады: таза нарық үлесінің артуы, логистика мен маркетингке кететін шығындарды оңтайландыру, өндіріс көлемін дәлірек болжау мүмкіндігі.
Мемлекет үшін негізгі тиімділік – сыра қайнату өнімдерінің заңсыз айналымының азаюы және салық түсімдерінің ұлғаюы. Өз кезегінде тұтынушылар шынайы және сапалы өнімді сатып алуға мүмкіндік алады.
Цифрлық таңбалау сыраның қозғалысын ашық етуге, өндіріс пен импорт көлеміне бақылауды күшейтуге, заңсыз өнім айналымын төмендетуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда тауарларды міндетті таңбалау
Бүгінгі таңда міндетті таңбалауға темекі өнімдері, аяқ киім және дәрілік заттар жатады. Қазақстандықтар аталған тауарлардың заңдылығы мен түпнұсқалығын Naqty Onim тегін мобильді қосымшасында таңбалау кодын сканерлеу арқылы тексере алады. Егер код жарамсыз болса немесе мүлде болмаса, азаматтар қосымшаның өзінде өтініш қалдыра алады, ол кейін тексеру жүргізу үшін уәкілетті органға жолданады.
Сауда және интеграция министрінің жаңа бұйрығына сәйкес, міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізіміне киік дериваттары, сыра өнімдері, мотор майлары және жеңіл өнеркәсіп тауарлары да енгізілді. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мотор майлары мен сыра өнімдерін таңбалау басталады, ал 1 желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау енгізіледі.
Еске салайық, бұдан бұрын елімізде көлеңкелі экономикамен күресу үшін төрт жаңа тауарға міндетті таңбалау енгізілетінін хабарлаған едік.