Қазақстан жол битумына деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етті
Бүгінде Қазақстан автомобиль жолдарын салу мен жөндеуге қажетті жол битумына деген ішкі сұранысты толық көлемде қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған Caspi Bitum зауытының қуатын кеңейту жобасын іске асыру нәтижесінде қол жеткізілді. Мұнай өңдеу көлемі жылына 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде жол битумын өндіру көлемі жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін артты. Жоба Энергетика министрлігі жүзеге асырып жатқан мұнай өңдеу саласын дамытудың тұжырымдамасы аясында орындалған алғашқы іс-шара болды.
Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты жылына 1,6 млн тонна төрт зауыт жұмыс істейді. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 2026 жылы ішкі нарықтың қажеттілігі шамамен 1,1 млн тонна.
Осылайша, қолданыстағы өндірістік қуат Қазақстанның жол битумына деген ішкі сұранысын толық қамтамасыз етеді.
Еске сала кетсек, биыл республикалық жолдардың 8,9 мың шақырымы жөнделеді.