Қаныш Сәтбаев атындағы каналда 5 сорғы агрегаты ауыстырылды

Қаныш Сәтбаев атындағы каналда 5 сорғы агрегаты ауыстырылды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Қаныш Сәтбаев атындағы каналды жаңғыртып жатыр. 2028 жылға дейін нысанда 19 сорғы агрегаты мен 17 трансформаторды ауыстыру жоспарланған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта 5 сорғы агрегатын ауыстыру жұмысы аяқталып қалды. Тағы 5 жабдықты реконструкциялау жұмысы басталды.

Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту аясында трансформаторларды ауыстырылып жатыр. Бүгінде жоспарланған 17 трансформатордың барлығы сатып алынды. Оның 4-еуі орнатылды.

Айта кетерлігі, Қаныш Сәтбаев атындағы канал Қарағанды және Павлодар облыстарын, сондай-ақ Астана қаласын өнеркәсіптік және ауыз сумен қамтамасыз етеді. Канал суы өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығы қажеттілігіне пайдаланылады. Нысанның жалпы ұзындығы – 458 шақырым.

«Барлық жұмыс бекітілген кесте мен нысанды жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыру Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың жұмыс сенімділігі мен тиімділігін арттыруға, тұтынушыларға судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ пайдалану тәуекелдері мен гидротехникалық құрылыстарды күтіп-ұстауға жұмсалатын шығынды азайтуға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.

Еске сала кетсек, Қаныш Сәтбаев атындағы каналда жаңғырту жұмыстары көктемде басталды.