Президент Бельгиямен көлік-логистика және энергетика саласындағы серіктестікті дамытуды ұсынды

13 қазан, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Президент Бельгиямен көлік-логистика және энергетика саласындағы серіктестікті дамытуды ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, көлік-логистика қарым-қатынасты нығайтатын негізгі бағыттардың бірі саналады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Президент Қазақстан теміржол және автокөлік инфрақұрылымын, Орта дәліз бойындағы теңіз порттары мен терминалдарын жаңғыртуға ауқымды инвестиция құйып жатқанын мәлімдеді. 

– Осы орайда, Еуропадағы ірі логистикалық орталықтың бірі ретінде Бельгияның бай тәжірибесінен үйренеріміз көп. Антверпен-Брюгге порт кешені мен Каспий теңізіндегі Ақтау, Құрық порттары арасында нәтижелі серіктестік орнайтынына сенімдіміз. Бұл Қазақстанның металл, мұнай химиясы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін үлкен нарыққа шығаруға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен технологиялық индустрияны дамыту өзара серіктестіктің негізгі басымдығы екенін айтты. 

– Жасанды интеллект пен цифрлық технология мүмкіндігін пайдалана отырып, AlemAi, Alatau City секілді ірі бастамаларды жедел іске асырамыз. Өнеркәсіптің озық салалары аталған орталықтарда қалыптасады. Бельгияның жартылай өткізгіштерді зерттеу саласында позициясы мықты. Осы артықшылықты ескеріп, бірлескен жобаларды іске асыруға және серіктестікті дамытуға болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективасына баса назар аударды.

– Қазақстан еуропалық нарыққа тұрақты түрде мұнай жеткізеді. Сонымен қатар жаңартылатын қуат көздері, энергия тиімділігін арттыру, өнеркәсіпті декарбонизациялау және сутегі өндірісі салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бельгия компанияларын шикізатты терең өңдеу, химия өнеркәсібі және қосылған құны жоғары полимер өнімдерін шығару бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент жасыл энергетикаға көшу және цифрлық экономиканы дамыту аса маңызды минералдар саласындағы өндірістік кооперация мүмкіндіктеріне жол ашатынына тоқталды. 

​

Қасым-Жомарт Тоқаев Король Филипптің мемлекеттік сапары аясында аса маңызды минералдар бойынша Қазақстан-Бельгия дөңгелек үстелі ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Еліміз Еуропа өнеркәсібі үшін ауадай қажет 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді. Сонымен қатар Бельгияға титан мен молибден өнімдерін тасымалдайды. Біздің ресурс әлеуетіміз бен Бельгияның инвестициясын, технологиясы мен білім-білігін ұштастыра отырып, осы өте маңызды салада стратегиялық серіктестік құра аламыз. Бүгінгі іс-шараның нәтижесі нақты инвестициялық және технологиялық жобаларға ұласады деп үміттенемін. Мақсатымыз – отандық өңдеу өнеркәсібін өркендетіп, қосылған құны жоғары тауар шығару. John Cockerill және Qarmet компаниялары мырышталған болат пен қорғаныш жабындарын өндіру бойынша серіктестікті жолға қоймақ. Бельгиялық әріптестердің геологиялық барлау, шикізат және металл өңдеу жобаларына қатысуын құптаймыз, – деді Президент.