Прокуратура: Мерекелік қарбалас, гүл мен сыйлыққа тапсырыс көбейгенде алаяқтардың белсенділігі артады
8 наурыздағы мереке кезінде алаяқтар азаматтарға түрлі сылтаумен қоңырау шалып, хабарлама жіберуі мүмкін, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Ведомствоның мәлімдеуінше, халықаралық әйелдері күні қарсаңында мерекелік қарбалас, гүл мен сыйлықтарға тапсырыстың көбеюі, онлайн-төлемнің артуын пайдаланған алаяқтар халықтың қаражаты мен жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады.
Олардың ең көп тараған тәсілдері:
- гүл немесе сыйлық жеткізу қызметі рәсімделгенін хабарлап, «тапсырысты растау үшін» SMS код сұрау;
- жалған ұтыс, бонус немесе акцияны хабарлап, телефонға келген растау кодын талап ету;
- өзін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметінің өкілі немесе курьер компаниясының қызметкері ретінде таныстыру.
«Бір реттік SMS код қаржылық операцияларды растауға арналған құпия құрал. Мұндай кодты бөтен адамға беру ақшаның есептен шығарылуына, несие рәсімделуіне немесе банк қосымшасына қол жеткізілуіне әкелуі мүмкін. Банк қызметкерлері, құқық қорғау органдары телефон арқылы SMS кодты, құпия сөз бен банк картасының деректерін сұратпайды», - деп ескертті Бас прокуратура.
Мереке қарсаңында алаяқтар әлеуметтік желіде, әсіресе, Instagram мен TikTok-та жалған парақша ашып, гүл мен басқа тауарды арзанға, ірі жеңілдікпен және акциямен ұсынып, алдын ала төлем талап етеді. Ақша алған соң, мұндай парақшалар қызметін тоқтатып, сатушымен байланыс үзіледі.
«Гүл мен сыйлықты алу үшін тек сенімді сатушыға тапсырыс беруге, төлем жасаған кезде алушының деректерін мұқият тексеруге, күмәнді сілтемеге өтпеуге және қандай жағдай болмасын бөгде адамдарға SMS кодтар мен банк деректерін бермеуге кеңес беріледі. Күдік туындаған жағдайда банкке хабарласып, қажет болса құқық қорғау органдарына жүгінген жөн», - делінеді хабарламада.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі шетелге жұмыс істеуге барамын дейтін азматтарға үндеу жасағанын жазғанбыз.