Президент: Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих
Бұл туралы Мемлекет басшысы Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Симпозиум Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерделейтін түрлі мектеп өкілдерінің басын қосып отыр. Бұл – өте маңызды.
Ұзақ жылдар бойы осы іргелі тақырыпты індете зерттеген ресейлік ғалымдардың рөлін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жинады.
Сонымен қатар Алтын Орда тақырыбы бір ғана мемлекеттің шеңберінде шектеліп қалмай, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдері зерттеушілерінің назарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кетті десек болады.
Түптеп келгенде, Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих.
Бүгін өтіп жатқан бірегей симпозиум әлемдік ауқымдағы мұраны жүйелі зерттеу жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтереді деп сенемін.
Осы жерде отырған ғалымдар мен сарапшылар бұл міндетті іске асыруға елеулі үлес қосуда.
Бұл маңызды жұмыста сіздер оң нәтижеге қол жеткізесіздер деп сенемін», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Алтын Орда тарихын әлемдік жылнаманың күрделі, сан салалы кезеңі ретінде қарастыратынын айтты.
«Өйткені бұған атүсті қарауға болмайды. Олай болған жағдайда әлемдік тарихтағы осындай бірегей құбылысқа қатысты ұстаным өзгереді. Ал ол мемлекеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін.
Өкінішке қарай, әлемдік маңызы бар ірі тарихи оқиғаларды бұрмалаған мысалдар қазір де кездеседі.
Геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгідей заманда соғыстардың қасіретті хронологиясына байланып қалмай, адамзат тарихындағы жасампаз кезеңдер мен диалог алаңдарының нәтижелі сәттеріне мән берген жөн.
Әлбетте, бұл оңай міндет емес. Себебі тарлан тарихтың бағзы дәуірлерден бастап қазіргі дейінгі шежіресінде соғыстар мен қарулы қақтығыстар өте көп кездеседі.
Мұндай көріністің қалыптасуы да түсінікті: бейбіт күндегі күйбең тіршілікті сипаттағаннан гөрі қан майдандағы бітіспес ұрыстарды жазған әлдеқайда жеңіл. Айтпақшы, Лев Толстойдың атақты «Соғыс және бейбітшілік» романы – бейбітшілікті емес, соғысты егжей-тегжейлі суреттеген шығарма.
Әлемдік қоғамдастық тарихи жолайрықта тұр. Өркениетті таңдау алдындағы сындарлы сәтте ортақ тарихымызды халықтарды біріктіретін фактор ретінде ұсыну үшін беделді, кәсіби ғалымдардың күшін бір арнаға тоғыстырған дұрыс», - деді Мемлекет басшысы.