Президент: Алтын Орда кезеңін ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастырамыз

Президент: Алтын Орда кезеңін ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастырамыз
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда осы кезеңді ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастыруды атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы жиында «тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпау керектігін жеткізді. 

«Бұл орайда тарихқа әділ әрі саяси тұрғыдан бейтарап баға беру маңызды.
 
«Тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн. Яғни жеңімпаздарды жазғыруға болмайды, әлем тарихының төрінен орын алып, зерттеушілердің мақтау-мадағына ие болады. Ал шағын және орта мемлекеттер, соның ішінде майданда жеңіліс тапқан елдер тарихтың тасасында қалады.
 
Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бей-берекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империяларын «мемлекет деңгейіне жете алмаған» деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті.
 
Бұл ретте біз шынайы тарихнаманы қалпына келтіре отырып, өткенді әсірелеуден аулақпыз. Тарих өзіне тәнті болған жалған әрекеттерді, ортақ мұраны жекелеген халықтың қанжығасына байлап беруді кешірмейді.  Кереғарлықтар мен кедергілерге толы бай тарихымызды біржақты түсіндіруге қойылатын талап ғылымның құлдырауына және өзара сенімнің жоғалуына әкелетін тұйыққа тірейді.
 
Сонымен қатар кәсіби тарихшылар қауымдастығында «жұмсақ күш» пен ғылыми дипломатияның өкілдері де бар. Олар саясаткерлер қамал тұрғызатын жерде көпір салуға қабілетті. Тарихшылардың миссиясы қазіргі алмағайып кезеңде маңызды болып тұр», - деді Президент.

Мемлекет басшысы Алтын Орда дәуірі отандық тарихымыздың маңызды бөлігі екенін атап өтіп, бұл кезеңді ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастыратынымызды атап өтті. 

«Көптеген халықтың тарихи жадында реформаторлар мен көрнекті ойшылдардың қалыпты тіршілігіне қарағанда, билеушілердің жорығы мен дарынды қолбасшылардың ерліктері сақталатынын жоғарыда айтып өттім. Расында, соғыстардағы аңызға айналған жеңістер адамдардың рухын оятады. Ал тағдыршешті мәні уақыт өте келе байқалатын институционалды жаңашылдықтар мен озық идеяларға көпшілік селт ете қоймайды. Оған әлі күнге дейін Ұлы дала тарихының шексіз шайқастар мен ұрыстар ретінде бұрмаланып көрсетілуі нақты мысал бола алады.
 
Мұндай сыңаржақ ұстаным Ұлы даланың, әсіресе, Алтын Орданың күрделі, көп қатпарлы өмір салтын әскери шежірелердің ойдан шығарылған өлшемдеріне салып, тарихи шындықтан алыстатады, оқиғаларды көмескілендіре түседі. Қазіргі ғылымның жоғары пәнаралық даму деңгейі Алтын Орда тарихын объективті зерттеу үдерістерін жетілдіруге мүмкіндік береді деп санаймын.
 
Бүгінгі жиында аталған кезеңді зерттеп жүрген беделді ғалымдар бас қосып отыр. Осы орайда Алтын Орда тарихын пайымдау перспективасын кеңейтуге көмектесетін бірқатар ғылыми ізденіске байланысты өз ойымды қысқаша жеткізгім келеді», - деді Мемлекет басшысы.