Мемлекеттік мүлікті сату тәртібі күшейтілді
Қазақстанда мемлекеттік мүлікті жекешелендіру саласындағы заңнама жетілдірілді. Енді сауда-саттық бағаны төмендетуден қорғалады, ал мүлік ашық түрде сатылатын болады. Қажетті шаралар Жоғары аудиторлық палатасының ұсынымы бойынша қабылданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жоғары аудиторлық палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоғары аудиторлық палата бұған дейін жекешелендіру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін, сондай-ақ жекешелендірудің 2016-2020 және 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарларының орындалу нәтижелерін тексерді. Жоғары аудиторлық палата аудит қорытындысы бойынша ҚР Үкіметіне заңнаманы өзгерту бойынша ұсынымдар берді.
Бірінші ұсыным қайта өткізілетін сауда-саттықта бағаны төмендетуден қорғауға қатысты болды. Бұрын бағаны төмендететін аукциондарды өткізу кезінде заңда ең төмен деңгейге шектеу қойылмайтын, бұл мүлікті тым арзан бағамен сату тәуекелін туындатты.
Жоғары аудиторлық палатаның аудиторлары үшінші және кейінгі сауда-саттықта бағаны кепілдік жарна мөлшерінен төмендетпейтін қағиданы заңнамалық түрде бекітуді ұсынды. Нәтижесінде бұл норма заңнамамен бекітілді («ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы).
Екінші ұсыным мемлекеттік мүлікті стратегиялық инвесторға тікелей сату тетігін жою болды. Мұндай тәртіп активтерді конкурс өткізбей сатуға мүмкіндік берді, бұл ашықтық қағидатына қайшы келетін. Аудиторлардың ұсынысы бойынша бұл норма заңнамадан толығымен алып тасталды.
Осылайша, жекешелендіру тиімдірек әрі ашық реттелетін болды: сауда-саттықта ең төмен бағаны белгілеу мемлекет активтерін төмен бағамен сатылып кетуден қорғайды, ал тікелей атаулы сатуды жою барлық әлеуетті сатып алушылар үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.