Мемлекет басшысы: Алтын Орданың тарихи рөлін жаңаша пайымдау керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек деген пікір айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Әрине, мен ұсынған зерттеу бағыттарымен шектеліп қалуға болмайды. Мен сіздер секілді көне дәуірді зерттеп жүрген тарихшы-ғалым емеспін.
Қазіргі таңда Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек. Бұл – осы бағыттағы ізденістердің аясын кеңейтуге септігін тигізетін бағдар ғана», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жошы ұлысының дамыған экономикасы болғанын атап өтті.
«Жошы ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрі, тиімді басқару институттары мен дамыған экономикасы болды. Осы алып өркениеттің қыр-сырын толық ашу маңызды. Бұл өткенді ғылыми тұрғыдан қайта зерделеу, сондай-ақ, Орталық Еуразия халықтарының мемлекеттілік бастауын, бірегейлігін және ортақ тарихын терең түсіну үшін қажет», - деді Президент.