ҚМА Перизат Қайраттың туыстарына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді

Бүгін, 16:30
Думан Аманжол Думан Аманжол
ҚМА Перизат Қайраттың туыстарына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді
Фото: instagram.com/01pk

Анонимді Telegram арналардың бірінде сотталған Перизат Қайраттың туыстарына Дубай қаласында бірнеше пәтер тиесілі екені туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Агенттік бұған дейін аталған жылжымайтын мүлік Перизат Қайраттың қылмыстық жолмен тапқан қаражатына сатып алынуы мүмкін деген болжамды тексерген. Алайда тексеру нәтижесінде бұл нұсқа расталмаған.

Тергеу барысында барлық қаржылық операциялар жан-жақты талданып, жымқырылған ақшаны заңдастырудың бүкіл тізбегі анықталды.

«П. Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны иемденіп, оны автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, пәтерлерді жөндеуге және жиһазбен жабдықтауға, қымбат брендтердің киім-кешегі мен әшекей бұйымдарына, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсаған», - делінген хабарламада.

Ал А. отбасы мүшелерімен қандай да бір қаржылық есеп айырысу жүргізгені анықталған жоқ. Оның үстіне, жарияланымдарда аталған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылғанға және П. Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін сатып алынған. Жалпы, А. ерлі-зайыптылары 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысып келеді.

Олар П. Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де дербес жүргізген.

«Түсіндіре кетейік, Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүліктің қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана оны бұғаттауға және тәркілеуге жол беріледі», - деп хабарлады ҚМА.

Агенттік түсіндіргендей, күдіктілермен туыстық байланысы бар деген себептің өзі адамды қылмыстық жауапқа тартуға және мүлкін тәркілеуге заңды негіз бола алмайды.

Еске салсақ, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шыққан болатын.