Қазақ тіліндегі сапалы цифрлық өнімдер санын арттыру қажет – Президент

Бүгін, 12:32
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақ тіліндегі сапалы цифрлық өнімдер санын арттыру қажет – Президент
Фото: akorda.kz

Цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту – аса маңызды міндет. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қазақ тілін халықаралық тілдер қауымдастығында өз орны бар тіл ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміздің өзге тілдермен байланысын қамтамасыз ету өте маңызды.

Осы орайда, «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыру керек деп есептеймін. Мен өзім бұл сөздікті қарап шықтым. Жалпы, пайдалы еңбек деп санаймын.

Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді. Қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, сонымен қатар, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей, қазақ-парсы сөздіктерін жасау қажет. Қазақ-орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңартқан жөн.

Сөздіктердің электрондық нұсқасын әзірлеп, үнемі толықтырып отыру керек.

Тілдің халықаралық байланысын нығайту арқылы мәдени және ғылыми ықпалдастыққа жол ашылады, еліміздің зияткерлік әлеуеті артады», - деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту аса маңызды міндет екенін айтты.

«Бірақ тілдің болашағы тек сөздік пен оқулыққа байланысты емес. Адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетіні анық.

Сондықтан цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту – аса маңызды міндет.

Әсіресе, қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындар көп болуы қажет.

Қазақша ақпараттың аясы, яғни қазіргі тілмен айтсақ, қазақ тіліндегі контенттің ауқымы мейлінше кең болғаны дұрыс.

Ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және басқа да өзекті тақырыптар бойынша сапалы өнім әзірлеген жөн.

Жалпы, осындай жобаларға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсету қажет. Бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құруға болады.

Осы маңызды іске «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы және қоғамның мүшелері зор үлес қосары күмәнсіз.

Сайып келгенде, тіліміздің болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз. Әрқайсымыз қазақ тілінің тұғырын нығайтуға атсалысуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.