ІІМ: Аулада көлік қоюға тыйым салу туралы ақпарат шындыққа жанаспайды

Бүгін, 12:18
Думан Аманжол Думан Аманжол
ІІМ: Аулада көлік қоюға тыйым салу туралы ақпарат шындыққа жанаспайды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Әлеуметтік желіде биыл 1 шілдеден бастап тұрғын үйдің ауласында көлік құралдарын қоюға тыйым салатын нормалар енгізілетіні туралы ақпарат таралуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Осы мәселеге қатысты Ішкі істер министрлігі Жол жүрісі қағидаларына ешқандай өзгерістер енгізілмегенін түсіндірді.

– Көлік құралдарын тоқтату мен тұраққа қоюға қатысты талаптар бұрынғыдай өзгеріссіз қалады. Сонымен қатар көлік құралдарын гүлзарларға, көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға және сонда тоқтауға тыйым салу жөніндегі Жол жүрісі қағидаларының нормалары қолданыста бар екенін еске саламыз. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушылардың барлығын Жол жүрісі қағидаларының талаптарын қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият әрі сақ болуға, өзара құрмет пен жауапкершілік танытуға шақырады.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың мінез-құлқын бақылауды күшейтіп, көшеде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін үнемі ескертіп, сондай-ақ жолдың жүріс бөлігінде, денсаулық пен өмірге қауіп төндіретін өзге де орындарда ойнауға болмайтынын түсіндіру ұсынылады. Тек бірлесіп қана біз жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын аламыз, – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Еске салсақ, Бурабайда жол апатында автобустағы 9 жолаушы жарақат алды.