Головкиннің Даңқ залына енуі: Ұлттық ұлан ерекше акция ұйымдастырды
ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері отандық спорт аңызы Геннадий Головкиннің тарихи жетістігіне орай патриоттық акция ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атақты боксшының спорттағы ерен еңбегі мен ел абыройын асқақтатқан жетістіктеріне құрмет ретінде ұландықтар саптық алаңда чемпионның әлемге танымал спорттық брендіне айналған «GGG» жазуын бейнеледі. Акция Геннадий Головкиннің АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында орналасқан Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) қабылдануына орай ұйымдастырылды.

Ол осындай жоғары мәртебеге ие болған еліміздің тұңғыш өкілі атанды. Іс-шараның ерекше рухын Үлгілі-көрсетімді оркестрдің өнері айшықтай түсті. Әскери музыканттар Геннадий Головкин жекпе-жектер алдында дәстүрлі түрде рингке шығатын әйгілі Seven Nation Army композициясын орындады. Құрмет қарауылы ротасының әскери қызметшілері жоғары саптық даярлығы мен үйлесімді іс-қимылдарын көрсетіп, әсерлі патриоттық акцияның басты қатысушыларына айналды.
- Геннадий Головкин өзінің қажырлы еңбегі, шеберлігі мен жарқын жеңістері арқылы Қазақстанның атын әлемге танытты. Оның спорттық жетістіктері ұлттық мақтаныш айналған. Ол жас ұрпаққа табандылық пен өз ісіне адалдықтың арқасында әлемдік деңгейдегі жетістікке жетуге болатынын дәлелдеген жарқын тұлға, - деді қатардағы Марлен Сұрамаев.

Геннадий Головкин кәсіби бокстағы ең жоғары құрметтердің бірі саналатын Халықаралық бокс даңқы залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданды. Енді оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді аңыз спортшылармен бір қатарда тұр. Геннадий Головкин спорттық мансабында әуесқой және кәсіби рингте де жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әуесқой бокста ол 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, ұзақ жылдар бойы ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі болды. Сондай-ақ еліміздің намысын ең беделді халықаралық жарыстарда абыроймен қорғады.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің бұл патриоттық акциясы отандық спорт саңлақтарының жетістіктеріне деген құрмет пен Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаудың айқын көрінісі болды.
Еске салсақ, Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына салтанатты түрде енгізілді. Ол Қазақстан тарихында алғаш рет бұл таңдаулы қауымдастықтың мүшесі атанған спортшы болды.