Елордалық педагог математика пәнін оқытудың инклюзивті жаңа тәсілін әзірледі

Бүгін, 12:38
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордалық педагог математика пәнін оқытудың инклюзивті жаңа тәсілін әзірледі
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназиясының математика пәнінің ұстазы, педагог-новатор Айгүл Қайратқызы ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға математиканы тиімді меңгертудің авторлық әдістемесін қолданып келеді. Ұстаз сингапурлық математика курсын жүргізіп, математикалық ұғымдарды арнайы манипулятивтер – көрнекі әрі қолмен ұстауға болатын оқу құралдары арқылы түсіндіреді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл әдіс оқушыларға абстрактілі сандар мен математикалық ұғымдарды тек тыңдау арқылы емес, көзбен көріп, қолмен ұстап, нақты әрекет арқылы меңгеруге мүмкіндік береді.

Педагогтың айтуынша, мұндай тәсіл балалардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, сабақтағы белсенділігін күшейтуге ықпал етеді. Ата-аналар мен ұстаздар да оқушылардың математикаға деген ынтасы артқанын байқаған.

Әдістеменің тағы бір ерекшелігі – оқушылардың математикалық ұғымдарды манипулятивтер арқылы меңгеріп қана қоймай, оларды ағылшын тілінде түсіндіре білуі. Бұл баланың математикалық білімін тереңдетіп, логикалық ойлау және тілдік дағдыларын қатар дамытуға мүмкіндік береді.

Педагогтың авторлық тәсілінің тиімділігі оқушылардың жетістіктерінен де көрініс тапты. Айгүл Қайратқызы дайындаған оқушылар Халықаралық Сингапурлық математика олимпиадасының өңірлік кезеңінде І және ІІІ орындарды иеленіп, Малайзияда өтетін халықаралық кезеңге жолдама алды.

Бұл – заманауи оқыту әдістерін тиімді қолданудың, педагогтің кәсіби ізденісінің және оқушылардың табандылығының нәтижесі.

Айгүл Қайратқызының тәжірибесі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға математиканы оқытуда көрнекілік пен практикалық әрекетті ұштастырудың тиімділігін көрсетеді. Мұндай әдіс оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың өз мүмкіндігіне деген сенімін қалыптастыруға да ықпал етеді.