Елордалық арулардың 2026 жылдағы спорттағы жарқын жетістіктері
2026 жыл басталғалы екі ай өтті. Бірақ осы аралықта елордалық ару спортшылар халықаралық деңгейде өзінің мықты екендіктерін дәлелдеп үлгерді. Бүгінгі Әйелдер мерекесі күні Elordainfo.kz порталы жүлдемен оралған Астананың ару спортшыларының жетістіктерін тағы бір мәрте еске салады.

-
Сурет: Сали Сабиров
Софья Самоделкина (Мәнерлеп сырғанау)
8 жылдан кейін мәнерлеп сырғанаудан Олимпиаданың лицензиясын жеңіп алған Софья Самоделкина Милан төрінде мінсіз өнер көрсетіп, ТОП-10 спортшының қатарына кірді. Ол осы нәтижесінің арқасында 2018 жылы Пхенчхан Олимпиадасында ең жоғары 12-орын алған Элизабет Тұрсынбаеваның көрсеткішінен асып түсті.
Айта кетейік, 1994 жылдан бергі қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан тек 3 аруымыз ғана (2018 жылы Элизабет Тұрсынбаева мен Айза Мамбекова, 2026 жылы Софья Самоделкина) мәнерлеп сырғанаудан жолдама алған.

-
Сурет: Сали Сабиров
Елизавета Голубева (Конькимен жүгіру)
Конькимен жүгіруден Милан-2026 Олимпиадасында сынға түскен Елизавета Голубева 1500 метр қашықтықта Қазақстан атынан ең үздік көрсеткішті тіркеп, 7-орынға тұрақтады.

-
Сурет: Адель Садақбаеваның жеке мұрағатынан
Адель Садақбаева (Стенд ату)
11-22 қаңтар аралығында Қатар мемлекетінің Доха қаласында стенд атудан «скит» бағдарламасы бойынша Азия чемпионатында Адель Садақбаева топ жарды.

-
Сурет: Нұрия Алпысбайдың жеке мұрағатынан
Нұрия Алпысбай (Шорт-трек)
29 қаңтар мен 1 ақпан аралығында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында шорт-тректен жастар арасындағы әлем чемпионатында 3000 метр қашықтықта қыздар құрамасы қола медальді жеңіп алды. Бұл құрамның сапында елордалық спортшы Нұрия Алпысбай да болды.

-
Сурет: Кристина Кондрашеваның жеке мұрағатынан
Кристина Кондрашева (Жеңіл атлетика)
Ақпан айында Қытайда өткен жабық ғимараттағы Азия чемпионатында әйелдер арасындағы 4x400 метрлік эстафетада Қазақстан құрамасы топ жарды. Эстафетада ел намысын астаналық жеңіл атлет Кристина Кондрашова қорғады.

-
Сурет: Әйгерім Құрманғалиевның жеке мұрағатынан
Көркем жүзуден әйелдер құрамасы
Көркем жүзуден ақпан айында Колумбияның Медельин қаласында өткен әлем Кубогының алғашқы кезеңінде топтық еркін бағдарламада аруларымыз алтын медальді мойындарына тақты. Команда сапында елордалық спортшылардан Әйгерім Құрманғалиева, Жаклин Якимова, Анна Павлецова, Валерия Столбунова және Ясмина Исламова болды.

-
Сурет: Қанат Байұзақов
Валентина Хальзова (Бокс)
Бокстан Болгарияда өткен «Странджа» халықаралық турнирінде әлем чемпионы, 75 келіде жұдырықтасқан Валентина Хальзова қола жүлдеге ие болды. Жанкүйерлердің арасында «Кіші әлем чемпионаты» аталатын турнирде астаналық Валентина Хальзова 2 мәрте жеңімпаз атанған жалғыз отандық спортшы ретінде тіркеліп тұр.

-
Сурет: Тоғжан Қазнабектің жеке мұрағатынан
Тоғжан Қазнабек (Таеквондо)
Ақпан айының соңында Болгария астанасы Софияда өткен BulgariaOpen-2026 турнирінде 57 келідегі Тоғжан Қазнабек чемпион атанды. Ол турнирде 6 жекпе-жек өткізіп, барлығында айқын басымдықпен жеңіске жетті.