Референдум-2026

Елордада «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды

Бүгін, 17:25
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласының аумағында 28-30 шілде аралығында республикалық «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалаалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Іс-шара жолаушылар мен жүк тасымалы саласындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көлік тәртібін нығайтуға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын автобустарды, шағын автобустарды, такси қызметін көрсететін автокөліктерді, сондай-ақ жүк тасымалдаумен айналысатын көлік құралдарын күшейтілген тәртіпте тексереді.

«Рейдтік іс-шаралар кезінде жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауы, көлік құралдарының техникалық жай-күйі, міндетті құжаттарының болуы, жолаушыларды заңсыз тасымалдау деректері, еңбек және демалыс режимінің сақталуы, көлік құралдарының заң талаптарына сәйкестігі жан-жақты бақылауға алынады.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларына жиі себеп болатын өрескел құқық бұзушылықтарды анықтауға ерекше назар аударады», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын тұлғаларды анықтау, лицензиялық талаптардың сақталуын тексеру және қоғамдық көлік жүргізушілерінің көлік тәртібін сақтауына бақылау жүргізіледі.

Оқи отырыңыз: 25 тамыздан бастап жаңа талаптар күшіне енеді: жүргізушілер нені білуі керек

Астана қаласының Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға шақырады.