Елордада полиция мен депутаттар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда бірлескен жұмыстар атқарды
Елордада полиция департаментінің басшылығы мен қалалық мәслихат депутаттарының кездесуі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Жиын барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер, алдағы ынтымақтастық бағыттары және елордадағы құқықтық тәртіп жүйесін жетілдіру жолдары кеңінен талқыланды.
Қалалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев депутаттардың бірлескен әрі нәтижелі жұмысқа қолайлы жағдай қалыптастыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар жаңа учаскелік полиция пункттерін ашуға көрсетілген қолдау үшін алғысын білдіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Кездесу барысында жүйелі профилактикалық шаралар мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың нәтижесінде елордадағы қылмыс деңгейінің төмендегені айтылды.
Өз кезегінде депутаттар қала тұрғындарын алаңдататын бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, электросамокаттарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою, автотұрақ ережелерін бұзу деректері, жүргізушілердің көлік тізгінінде ұялы телефон қолдануы, жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы, сондай-ақ құрылыс нысандары маңындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Халық қалаулылары полиция қызметінің нәтижесінде Астананың ең қауіпсіз астаналардың бірі ретінде танылып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар тұрғындар көтерген мәселелер бойынша жедел кері байланыс орнатылып, сапалы жұмыстар жүргізіліп жатқанына назар аударылды.
Кездесу қорытындысында тараптар елордадағы заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы сындарлы ынтымақтастықты алдағы уақытта да жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.