Елордада есірткіге күрес шарасы аясында алғаш рет киберспорт турнирі ұйымдастырылды

Елордада есірткіге күрес шарасы аясында алғаш рет киберспорт турнирі ұйымдастырылды
Фото: Нұркен Мерғалиев

Астана қаласы Полиция департаментінің идеясымен мегаполисте 16 команданың қатысуымен Counter-Strike-2 жарысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілішсі.

«Астана - есірткісі қала» акциясы аясында университет студенттері, Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері және әлеуметтік желідегі танымал блоггерлер көпшілікке танымал Counter-Strike-2 турнирінде күш сынасады. Түнге дейін жалғасатын бәсекеде жастар жалпы жүлде қоры 1 000 000 теңгенінің жеңімпазын анықтайды.

«Аталмыш киберспорт жарысы Республика деңгейінде құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің киберспортты пайдалана отырып, нашақорлықтың алдын алуға бағытталған алғашқы шараларының бірі. Бүгінде жастарды есірткінің заңсыз айналымына тарту мәселесі өзекті. Сондықтан біз жастармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін қолдануға тырысамыз.

Жыл басынан бері полиция департаменті 500-ден астам профилактикалық іс-шара өткізді. Оның ішінде акциялар, дәрістер, кездесулер және спорттық шаралар бар.

Бүгінгі турнирде полиция қызметкерлері, медиалық тұлғалар мен студенттер бір алаңда бас қосып, киберспорт арқылы өзара күш сынасады. Біздің мақсатымыз - осы үш ортаны біріктіріп, жастарды салауатты өмір салтына баулу.

Биыл полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 600-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде есірткі сатуға қатысты қылмыстық істер де бар. Заңсыз айналымнан 500 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленді.

Біз үшін ең басты міндеттердің бірі – нашақорлықтың алдын алу және есірткіге деген сұранысты азайту. Сондықтан жастарға жақын, заманауи форматтарды пайдаланудың маңызы зор», – деді Астана қаласы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Алия Ғибатқызы.

Іс-шараның басты мақсаты – жастарды спортқа, салауатты өмір салтына тарту және есірткі қылмысының алдын алу.

«Біздің команда киберспортпен 2020-2021 жылдардан бері айналысады. Өзім де 3-4 жыл көлемінде ойнап келемін. Қазір технология қарқынды дамып жатқандықтан, жастардың қызығушылығы да осы бағытқа ауып отыр.

Киберспорттың пайдасы бар деп ойлаймын. Counter-Strike ойынында тез шешім қабылдап, стратегия құруға тура келеді. Ойлау қабілетін, зейінді және жылдам әрекет етуді дамытуға көмектеседі.

Осы жарысқа биыл екінші рет қатысып отырмын. Мұндай турнирлер екі-үш айда бір рет ұйымдастырылса, өте жақсы болар еді. Полиция қызметкерлері арасында да киберспорт бойынша жарыстар өткізіліп тұрады. Осындай шаралардың жиі ұйымдастырылғанын қолдаймын», – деді «Сақшы» командасының қатысушысы Қалтай Бақберген.

Турнирдің форматы жастардың қызығушылығын ескере отырып жасалған. Командалардың арнайы атаулары мен формалары әзірленіп, іс-шарада диджей және түрлі интерактивті элементтер ұйымдастырылған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киберспортқа көңіл бөлу қажеттігін айтқаннан кейін бұл бағытта түрлі турнирлер мен жарыстар көптеп ұйымдастырыла бастады. Қазір қаламыздағы компьютерлік клубтардың шамамен 90-95 пайызы өз алаңдарында турнирлер өткізіп жүр.

Бұған дейін мемлекеттік органдар қызметкерлер арасында мұндай турнирлерді көп ұйымдастыра бермейтін. Қазір бұл бағытқа да көңіл бөлініп келеді. Мұндай жарыстар қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, өзара түсіністікті арттырады. Соның нәтижесінде олар бір-бірімен жақсы араласып, жұмыста да тиімдірек әрекет ете бастайды», – деді жарыс алаңын беріп жатқан ХО Game Club өкілі Дархан Мағжанов.

Айта кетейік, биыл Астана қаласы киберспортқа қатысты 8 бағытты қамтитын және 34 елдің қатысуымен «Болашақ ойындары» халықаралық турнирін қабылдаған болатын. 

Ал биылғы жылдың басты спорттық шарасы саналатын Жапониядағы Жазғы Азия ойындарында киберспорттан еліміздің намысын 25 отандасымыз қорғайды.

Еске салсақ, бүгін елордада өткен отбасылық дуатлон сайысына 100-ге жуық отбасы қатысты.