Елорда полициясы синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кесті
Елорда полициясының қызметкерлері синтетикалық есірткіні жеткізу және тарату арнасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қалаға кіреберісте есірткі сақтады деген күдікпен Hyundai автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі ұсталды. Анықталғандай, ол елордаға келген бойда есірткі затын жасырып қоятын жасырын орынды дайындап үлгерген.
Көлікті тінту барысында ұнтақ зат салынған капсула табылып, оның мефедрон екені анықталды.
Кейіннен күдікті тағы екі жасырын орынды көрсетіп, ол жерлерден қосымша есірткі партиялары табылып, тәркіленді. Тәркіленген мефедронның жалпы салмағы шамамен жарты келі.
Қазір есірткі сақтау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысында күдіктінің елорда тұрғыны екені және есірткіні ірі партиялармен жеткізіп, кейін оны қала аумағында және еліміздің бірқатар өңірлерінде таратумен айналысқаны анықталды.
Еске салсақ, Жамбыл облысынан еліміздің батыс өңірлеріне есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған күдікті ұсталды. Ол жүк тасымалдау қызметін пайдаланып, есірткіні сәлемдеме ретінде жіберген.