Елорда мектептерінде оқу жылы бірыңғай сынып сағатымен қорытындыланды

Елорда мектептерінде оқу жылы бірыңғай сынып сағатымен қорытындыланды
Фото: Астана әкімдігі

Астанадағы барлық білім беру ұйымында 2025-2026 оқу жылының аяқталуына байланысты 1-11 сынып оқушылары арасында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында «Заң мен тәртіп – халық Конституциясының құндылықтары» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойында патриотизмді, бірлік пен келісімді, жалпыұлттық құндылықтарға құрметті қалыптастыру, Конституцияның маңызын түсіндіру және заң мен тәртіп қағидаларын насихаттау.

Сонымен қатар сынып сағаттарында оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыруға, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға және қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында елордадағы 206 орта білім беру ұйымында 314 964 оқушы білім алған. Биыл мектепті 16 мыңнан астам түлек аяқтады. Оның ішінде 1 208 оқушы үздік аттестатқа үміткер болса, 650 түлек «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр.

Сондай-ақ жазғы кезеңде қала бойынша 242 мыңнан астам оқушыны сауықтыру және демалыс шараларымен қамту жоспарланған.

Астана қаласының Білім басқармасы мен Полиция департаменті ата-аналар мен оқушыларды жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Бұған дейін елордалық жас түлектерге мейрамханада мектеп бітіру кешін өткізуге тыйым салынғанын жазғанбыз.