Елімізге Ресейден әкелінген төрт амур жолбарысына есімдер берілді

10 маусым, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізге Ресейден әкелінген төрт амур жолбарысына есімдер берілді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстан мен Ресей тараптарының бірлескен шешімі аясында жолбарыстарға екі елдің ынтымақтасты мен жобаның Орталық және Шығыс Азия табиғатымен тарихи байланысын білдіретін есімдер берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, аталық жолбарысқа — Амур, аналық жолбарысқа — Үміт, еркек күшікке — Тұран, ұрғашы күшікке — Уссури есімдері берілді.

Қазақстанға жеткізілген соң жолбарыстар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының арнайы дайындалған вольерлеріне орналастырылды. Қазіргі уақытта олар мамандар мен ветеринариялық қызмет өкілдерінің тұрақты бақылауымен бейімделу кезеңінен өтуде. Жануарлар жаңа табиғи-климаттық жағдайларға сәтті бейімделіп жатыр, олардың жағдайы тұрақты деп бағалануда.

Алдағы уақытта бейімделу кезеңі мен жануарлардың жағдайын кешенді бағалау аяқталған соң оларды табиғи ортаға жіберуге дайындық жүргізіледі. Жіберу алдында жолбарыстар спутниктік қарғыбаулармен жабдықталады. Бұл олардың қозғалысын тұрақты бақылауға және мамандардың жедел сүйемелдеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Еске салсақ, Ресейден Қазақстанға төрт амур жолбарысы жеткізілген болатын.