Елімізде жүректегі «Вольф-Паркинсон-Уайт» синдромына күрделі операция жасалды
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Алматы қаласының 18 жастағы тұрғынына жүректің туа біткен патологиясына байланысты жоғары технологиялық күрделі операция сәтті жүргізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Операция Ресей ғылым академиясының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Сергей Артеменконың қатысуымен өткен шеберлік сабағында жасалды.
Пациент 2025 жылдың жазынан бері жүрек қағысы жиілеп, бас ауырып және айналып жүргеніне шағымданып, клиникаға түскен. Эхокардиография, ЭКГ-нің холтер мониторингі және зертханалық талдау секілді кешенді тексеру барысында пациентте «Вольф-Паркинсон-Уайт синдромының белгілері анықталды. Бұл - қосымша электрлік өткізгіш жолдың болуына байланысты жүректің өткізгіштік жүйесінің туа біткен патологиясы.
Пациент Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының жүрек ырғағы мен өткізгіштігі бұзылыстары бөлімшесінің интервенциялық аритмологы Бауыржан Ерболатовтың консультациясын алды. Консультацияның нәтижесінде жүрекішілік электрофизиологиялық зерттеу (ЖІЭФЗ) және қосымша өткізгіш жолға радиожиілікті абляция (РЖА) жасау үшін емдеуге жатқызу ұсынылды.
«Бұл клиникалық жағдайдың ерекшелігі — қосымша өткізгіш жолдың жүректің негізгі өткізгіштік жүйесіне өте жақын орналасуы болды. Бұл ауыр асқынудың, жүректің тоқтап кенеттен қалу қаупін айтарлықтай арттырған. Заманауи 3D-навигациялық жүйені қолдана отырып, мамандар жүректің толық картографиясын жасап, электроанатомиялық картасын құрды. Патологиялық өткізгіш жолға радиожиілікті абляция сәтті жүргізілді.
Операция шамамен төрт сағатқа созылды. Бұл қосымша өткізгіш жолдың анатомиялық орналасуының күрделілігімен байланысты болды», делінген хабарламада.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының жүрек ырғағы мен өткізгіштігі бұзылыстары бөлімшесінің меңгерушісі Бағдат Ахыттың айтуынша, мұндай араласу жоғары дәлдікті және заманауи технологияларды қолдануды талап етеді.
Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы тұрақты: белсенді, бөлімше ішінде өздігінен жүреді. ЭКГ-нің бақылау холтерлік мониторингі жүргізіліп жатыр. Алдағы күндері пациентті ауруханадан шығару жоспарланып отыр.
Еске сала кеткес, елімізде ауылдық жерлерде дәрігер тапшылығы 30 пайызға азайды.