Қазақстанда жоғары оқу орындары үшін жаңа қабылдау емтиханы әзірленіп жатыр
Бүгін Астанада білім беру саласындағы тестілеу және бағалау бағытындағы әлемдік жетекші ұйымдардың бірі – ETS халықаралық ұйымының өкілдері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығына Admissions Insight Test (AIT) жаңа қабылдау емтиханының моделін әзірлеуге арналған кешенді зерттеу жұмысының нәтижелерін таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Презентация барысында қолданыстағы бағалау жүйесіне жүргізілген талдау, әлемдік озық тәжірибелерді салыстырмалы зерттеу қорытындылары, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қажеттіліктерін зерделеу нәтижелері, кадрлық әлеуетке берілген баға, бағалау үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктері, сондай-ақ болашақтағы AIT емтиханының құрылымына қойылатын бастапқы талаптар ұсынылды.
Жаңа емтихан тұжырымдамасы талапкерлердің академиялық құзыреттерін кешенді бағалауға бағытталған. Пәндік білім деңгейін анықтаумен қатар сыни ойлау, талдау жасау, ақпаратпен және академиялық мәтіндермен жұмыс істеу, өз ойын жүйелі әрі дәлелді жеткізу, алған білімін қажет жағдайларда қолдану қабілеттерін бағалауға басымдық беріледі.
Ұсынымдардың жеке бір бағыты тест тапсырмаларының сапасын жетілдіруге, олардың тілдік түсініктілігін қамтамасыз етуге, әртүрлі тілдердегі нәтижелердің салыстырмалылығын сақтауға, бағалау рәсімдерінің объективтілігін арттыруға, тест тапсырмаларының қорын дамытуға, тест нұсқаларын автоматтандырылған түрде қалыптастыруға және емтихан нәтижелері бойынша аналитикалық есептілікті жетілдіруге арналған.
«Жаңа модельді сынақтан өткізу кезеңінде қолданыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі өз жұмысын жалғастырады. Барлық өзгерістер зерттеу нәтижелері, пилоттық апробация қорытындылары, сарапшылардың ұсынымдары мен академиялық қауымдастықтың пікірлері негізінде кезең-кезеңімен енгізілетін болады», - делінген хабарламада.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, объективтілік пен ашықтық қағидаттарына негізделген әрі барлық талапкерлер үшін тең мүмкіндік қамтамасыз ететін ұлттық білімді бағалау жүйесін одан әрі жетілдіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады.
Еске салайық, бұған дейін ҰБТ-ға дайындаймын деп 28 млн жымқырған күдіктінің Албаниядан экстрадицияланғаны туралы жаздық.