Елімізде су шаруашылығы саласында өндірістік тәжірибеден өткен студенттер саны екі есеге жуық артты

Бүгін, 09:25
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде су шаруашылығы саласында өндірістік тәжірибеден өткен студенттер саны екі есеге жуық артты
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Биыл Су ресурстары және ирригация министрлігінің орталық аппараты мен «Қазсушар» РМК филиалдарында жоғары оқу орындары мен колледждердің 648 студенті өндірістік тәжірибеден өтеді. Осылайша, биыл су шаруашылығы саласында өндірістік тәжірибеден өтетін студенттер саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көбейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап. 

Еске салсақ, 2025 жылы колледждер мен жоғары оқу орындарының 339 студенті тәжірибеден өткен болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 82 адам болған.

Жамбыл облысына жұмыс сапары кезінде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов облыстағы «Қазсушар» филиалының нысандарында өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті студенттерімен кездесті. Биыл осы филиалда 215 студент тәжірибеден өтіп жатыр.

Кездесуде студенттер министрге оқу үдерісі туралы айтып, өңірдегі су шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысқаннан кейінгі әсерлерін бөлісті.
 

«Бүгінде «Қазсушардың» филиалдары еліміздің барлық өңірінде бар. Сондықтан су шаруашылығы мамандығында оқитын студенттер өндірістік тәжірибеден міндетті түрде осы филиалдарда өтуі тиіс. Аудиторияларда сіздер теорияны меңгересіздер, ал мұнда шаруа қожалықтарының сумен қалай қамтамасыз етілетінін өз көздеріңізбен көресіздер. Сонымен қатар министрлігіміз су саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын енгізіп келеді. Соңғы 2,5 жылда «Қазсушар» қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен екі есеге көтердік. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алуға төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие қарастырылған. Былтыр «Қазсушарға» 48 түлек жұмысқа қабылданды. Бірнеше жылдан кейін сіздер де еңбек жолдарыңызды бастай аласыздар. Мемлекет басшысы жастардың Қазақстанның болашағы екенін үнемі атап өтеді. Біздің барлық жұмысымыз алдағы жылдары су саласын сіздердің алға жетелеулеріңізге жағдай жасауға бағытталған», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.