Елімізде су инфрақұрылымын дамытуда 147 жоба жүзеге асырылды
Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мәселелері Су ресурстары және ирригация министрлігінің Қоғамдық кеңесі отырысында талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап.
Министрлікте Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбековтың төрағалығымен Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынға «Қазсушар» РМК Бас директорының міндетін атқарушы Ануар Өскенбаев, Су шаруашылығы құрылыстарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтелов, Стратегиялық даму департаменті директорының міндетін атқарушы Сәкен Әтел, сондай-ақ сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қоғамдық кеңес мүшелері Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, министрліктің Даму жоспары индикаторларының орындалуы және «Қазсушар» РМК-ның соңғы бір жарым жылдағы қызметінің қорытындылары мәселелерін қарастырды.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент басшылары мен «Қазсушар» РМК Бас директорының міндетін атқарушы баяндамалар жасап, отырысқа қатысушылардың орындалған жұмыстар мен алдағы жоспарларға қатысты сұрақтарына жауап берді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Даму жоспарының 10 индикаторы толық орындалды. Атап айтқанда, 2025 жылы су саласының негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 22%-ға жоғары.
Су үнемдеу технологияларын суармалы егіншілікте енгізу нәтижесінде былтыр 874 млн текше метр су үнемделді. Бұл жоспарланған 728 млн текше метр көрсеткіштен 20%-ға артық. Сонымен қатар 73 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Былтыо «Қазсушар» РМК 28 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізіп, 375 гидротехникалық құрылысты жөндеуден өткізді. Сондай-ақ 1 840 шақырым канал механикалық әдіспен тазартылды. Кәсіпорынның арнайы техника паркі 27%-ға жаңартылып, нәтижесінде техниканы жалға алу шығындары 85%-ға, ал оны жөндеуге кететін шығындар екі есеге қысқарды.
2025 жылы министрлік 147 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жұмыстарын жүргізді, оның 53-і толық аяқталды. Атап айтқанда, 680 шақырым суару жүйесі жаңғыртылып, 4 су қоймасы реконструкцияланды, сондай-ақ 15 топтық су құбыры салынып және жөнделді. Биыл 36 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
514 мың адам тұратын 277 елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметі қамтамасыз етіліп немесе жақсартылды. Оның ішінде 73 елді мекеннің немесе 115,5 мың тұрғынның бұрын орталықтандырылған ауыз суға қолжетімділігі болмаған. Биыл 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өз кезегінде 142 ауылдық елді мекенді немесе шамамен 540 мың адамды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда су инфрақұрылымын жаңғырту қалай жүргізілетіні туралы жаздық.