Референдум-2026

Елімізде 20 млн тоннаға жуық мал азығы дайындалды

Бүгін, 18:06
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде 20 млн тоннаға жуық мал азығы дайындалды
фото: freepik.com

Өңірлерде мал азығын дайындау науқаны жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Облыс әкімдіктері ұсынған жедел деректерге сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 19,8 млн тонна мал азығын дайындады. Бұл алдағы қысқы малды қорада ұстау кезеңіне қажетті жоспарлы пішен көлемінің шамамен 77%-ын құрайды.

«Қазіргі уақытта 17,1 млн тонна пішен, 1,5 млн тонна пішендеме, 362,3 мың тонна құрама жем, 91,7 мың тонна сүрлем және 777,2 мың тонна сабан дайындалды», - делінген хабарламада.

Қысқы малды қорада ұстау кезеңіне қажетті жемшөп қорын қалыптастыру және сақтандыру қорын жасау мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 201,3 мың тонна көлемінде жемдік астық қорын қалыптастырды. Қажет болған жағдайда бұл қор ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемшөппен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.

Мал азығын дайындау науқаны еліміздің барлық өңірінде жалғасуда. 2026–2027 жылдардағы қысқы малды қорада ұстау кезеңіне дейін 25,7 млн тонна пішен, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,7 млн тонна құрама жем дайындау жоспарланып отыр.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мал азығын дайындау науқанының барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Тұрақты мониторинг жүргізу және резервтерді уақытылы қалыптастыру мал шаруашылығы кәсіпорындарын қажетті жемшөп қорымен қамтамасыз етуге және олардың алдағы қысқы малды қорада ұстау кезеңіне толық дайын болуына бағытталған», - деп хабарлады ведомствода.

Еске салсақ, бұған дейін 9,1 млн тонна мал азығы дайындалғанын жаздық.