Елімізде 114 мыңнан астам адамнан жүрек-қантамыр аурулары анықталды
2025 жылы артериялық гипертония мен жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтауға бағытталған скрининг шеңберінде 1,7 миллион адам тексеруден өтті. Нәтижесінде 114 мыңнан астам азаматта қанайналым жүйесі аурулары ерте сатысында анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Анықталған жағдайлардың ішінде 99 мың пациентке (87%) артериялық гипертония, ал 15 мың пациентке (13%) жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылды.
2025 жылдан бастап скрининг бағдарламасы заманауи жоғары сезімтал диагностикалық әдістермен толықтырылды. Бұл ауруларды анықтау деңгейін арттырып, емдеуді анағұрлым ерте бастауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жүрек-қантамыр аурулары бар шамамен 1,9 миллион пациент динамикалық бақылауда тұр. Тұрақты медициналық бақылау, қауіп факторларын қадағалау және қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету ауыр асқынулардың туындау қаупін едәуір төмендетуге ықпал етеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қанайналым жүйесі аурулары әлемдегі өлімнің негізгі себебі болып қала береді. Жыл сайын бұл аурулар шамамен 19,8 миллион адамның өмірін қиып, барлық өлім жағдайларының шамамен 32%-ын құрайды.
Еске сала кетейік, Қазақстанда бір жылда жүрекке 13 мыңнан астам ашық операция жасалды.