ДСМ келесі жылға дәрі-дәрмекті сатып алуды мерзімінен бұрын бастады
Биыл алғаш рет сатып алу науқаны 1 шілдеде, яғни белгіленген мерзімнен үш ай бұрын басталды. Ал стационарлық медициналық көмек көрсетуге арналған сатып алу рәсімдері 22 маусымнан бастап жүргізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сатып алу науқанының мерзімінен бұрын басталуы жеткізушілермен келісімшартты алдын ала жасасуға, қажетті қорды қалыптастыруға және медициналық ұйымдарды 2027 жылдың алғашқы күнінен бастап дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармалары медициналық ұйымдардың нақты қажеттілігін, жеткізу көлемрі мен кестесін ескере отырып өтінімдерін ұсынды.
2027 жылы 2 174 дәрі мен медициналық бұйымдарды сатып алу жоспарланып отыр. 2026 жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 18,17%-ға артты.
«Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлік денсаулық сақтау басқармалары өтінімдерді қабылдау науқанын көктемде бастағанының арқасында біз қажеттілікті алдын ала қалыптастырып, сатып алу рәсімін дәстүрлі мерзімнен ертерек бастауға мүмкіндік алдық. Желтоқсан айында дәрі-дәрмек, медицина бұйымдары қоймаларға жеткізіледі, ал 2027 жылдың қаңтар айының басынан бастап еліміздің барлық медициналық ұйымына жөнелту басталады. Бұл тәсіл пациенттердің жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап қажетті еммен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді», – деді «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков.
Еске салсақ, қазіргі елде 209 отандық тауар өндіруші бар, оның ішінде 43 дәрілік зат өндіруші және 166 медициналық бұйым өндіруші. Қазақстандық өндірушілердің үлесі 39,8%-ға жетіп отыр.