Боксшы Абзал Серік: Былтыр бапкерім «чемпион боласың» деп сендірді

Боксшы Абзал Серік: Былтыр бапкерім «чемпион боласың» деп сендірді
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Үш жыл бойы үлкен спорттан қол үзіп, отбасын асырау үшін түрлі жұмыста істеген Абзал Серік 2026 жылы шаршы алаңға қайта оралды. Араға бірнеше ай салып, Таразда өткен Қазақстан чемпионатында бес қарсыласын жеңіп, екінші мәрте ел чемпионы атанды. Боксшы Elordainfo.kz  тілшісіне берген сұхбатында бапкерінің қолдауы мен спортқа қайта оралуы туралы әңгімеледі.

- Абзал, Қазақстан чемпионаты басталмас бұрын-ақ 65 келіде жекпе-жектеріңізді көпшілік асыға күтті. Өзіңіз де ел додасын сағынып қалған шығарсыз? Жарыс алдында қобалжу болды ма?

- Иә, осы чемпионатты асыға күттік. Чемпион атану үшін, ұзақ дайындалдық. Барлық қарсыласымды зерттеп, олармен күш сынасуға дайын болдым. Жарыс алдында қобалжу болды. Өйткені 4 жылдан кейін ғана қайта ел біріншілігіне қатысып жатырмын. Бір ерекшелігі – мен өзім қатысқан 3 ел додасының барлығында финалға шыққан екенмін. 2021 жылы Оралда күміс жүлдеге ие болсам, 2022 жылы Павлодарда топ жардым. Енді 2026 жылы Тараз төрінде екінші мәрте чемпиондық атақты еншіледім.

Ел чемпионатына дейін Түркістанда Әбдісалан Нұрмаханов халықаралық турнирі, Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов мемориалы және Ақтауда Шоқыр Бөлтекұлын еске алу турниріне қатысып, ақырындап бабыма келдім.

- Бұған дейін 2022 жылы 67 келіде топ жарып едіңіз. Енді араға 4 жыл салып, Қазақстан чемпионатында оралдыңыз. Қарсыластарыңыздың барлығы сізге таныс болды ма?

- Қазақстан чемпионатында ең көп 36 боксшы дәл осы 65 келіде тіркелді. Танымайтын спортшылар көп болғанын мойындаймын. Чемпион атану үшін, 5 айқас өткізуге тура келді. Алғашқы айналымда жасөспірімдер арасында әлем чемпионатына қатысқан Әлихан Әскермен, 1/8 финалда 2025 жылы Семейдегі ел додасының қола жүлдегері Әбдіғалым Әбдікерім, ширек финалда U22 санатында 2 дүркін әлем чемпионы Нұрислам Қалдыбаев, жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллинов, финалда Париж Олимпиадасының ширек финалисі Мұхаммедсабыр Базарбайұлымен жұдырықтастым. Өзім шыққан қарсыластардың барлығын жақсы танимын деп айта аламын.

- Жеребенің нәтижесіне қарап, сіз осы салмақта көшбасшыға үміткер болған барлық дерлік (Нұрислам, Ертуған, Мұхаммедсабыр) боксшылармен айқасқаныңызды көреміз. Сіз үшін қай жекпе-жек ерекше болды?

- Жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллиновпен бұған дейін 2021 жылы ел чемпионатының ширек финалында жеңген едім. Одан бері Ертуған осы салмақта біршама уақыт көшбасшы болды. 2 әлем чемпионатына қатысты. Оңай болмады. Ал финалда бала кезден бірге өскен Мұхаммедсабыр Базарбайұлымен бірінші мәрте айқастым. 2018 жылдан бері араласып келеміз. Бапкерімнің қойып берген тактикасының арқасында жеңіс менің жағымда болды.

- Әлеуметтік желіде сізді 4 жыл бұрын басқаша стильде жұдырықтасатындығыңызды айтып жатыр. Ал қазір өзгеріс бар деп айтады. Осы туралы не айта аласыз?

- Қазіргі уақытта бапкерім ауысты. Біз қазір бұрынғы стильге басқа әдістер қосып жатырмыз. Бұрын тек алыс қашықта жұдырықтастым. Енді Ілияс Оралбеков ағайым барлық қашықта бокстасу тактикасын үйретіп жатыр. Біз оны одан ары дамытып, шыңдаламыз.

- Финалдық жекпе-жектен кейін жеңісіңізге Төрехан Сабырханның ерекше қуанып, рингке жүгіргеніне куә болдық. Төреханмен қанша уақыттан бері араласасыздар? Байланыстарыңыз қатты жақын секілді?

- Төреханды кішкентай кезінен танимын. Жақын бауырым. Кіші болсада, бас болып жүрген жігіт. Әрқашан бір-бірімізді қолдап жүреміз. 

- Бапкер Ілияс Оралбековтің сізден басқа да шәкірттері жақсы нәтиже көрсетіп жатты. Сізге де рингте «Әбеке» деп атауы ерекше естілді. Ол кісінің бапкерлік тұрғысынан қандай ерекшелігі бар деп айта аласыз?

- Ілияс ағайдың еңбекқорлығын ерекше айтып өткім келеді. Боксқа деген қызығушылығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Аты аңызға айналған жаттықтырушы десем қателеспеймін.

- 2023-2026 жылдары аралығындағы уақыт сіз үшін өте қиын өткенін естіп жатырмыз. Сол сәтте боксты тастап кету секілді ой болды ма? Соңына дейін берілмеуге не ықпал етті?

- Боксты қоямын деген ойлар әрине болды. Тіпті 7-8 ай үзіліс болды. Өзімнің отбасымды құрдым. Түрлі жұмыс істедім. Арасында такси жүргізушісі де болдым. 2025 жылы Ілияс Оралбеков ағайым өз қол астына алып, маған жалақы тағайындады. «Тек жаттығу жаса, чемпион боласың» деп мотивация берді.

- 65 келіде топ жару арқылы сіз осы салмақта бірінші нөмір екендігіңізді дәлелдедіңіз. Жетістігіңізден кейін бас бапкермен сөйлестіңіз бе? Сіздің жекпе-жектеріңізге бағасын берген шығар?

- Бас бапкермен әлі сөйлеспедік. Жарыста ол кісімен сөйлесетін мүмкіндік болмады. Бұйырса, алдағы оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарда әлі талай бірге жұмыс істейтін сәттер туындайтыны анық.

- Сұхбатыңызға рахмет!