Бүгін Астанада Боччадан Қазақстан Республикасының Кубогының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Дүбірлі додаға еліміздің 15 өңірінен келген 120-ға жуық параспортшы қатысты. Олар: Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Жетісу, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының өкілдері. Олардың қатарында Астана қаласының 14 спортшысы өнер көрсетті.
Ел кубогының марапаттау рәсіміне дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы директорының орынбасары Лескен Елекеев, "Аңса" жеке қорының атқарушы директоры Мұрат Жұманбай, Қазақстан Бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазинова қатысты.
“Бүгін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтіп жатыр. Бұл додада алтын, күміс, қола алғандар халықаралық жарыстарға қатысады. Сондай-ақ ең басты мақсат - 2028 жылы боччадан паралимпиадаға қатысу. Паралимпиада ішінде көптеген спорт түрі бар. Жарыстар 4 күн бойы өтті. Олар грамота, медаль, кубоктармен марапатталады”, - деді Назым Жанғазинова.
Жалпы командалық есепте Астана қаласының командасы екінші орын алды.
Боччадан Қазақстан кубогы сайысының нәтижесінде жеңімпаздар ересектер мен жасөспірімдер арасында төрт дәреже бойынша анықталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыстардың басты мақсаты — елімізде бочча спортын дамыту мен танымал ету, спортшылардың шеберлігін арттыру және ұлттық құрама командасының сапын қалыптастыру.
Айта кетейік, бочча - доп ойыны, тірек-қозғалыс аппаратының ең ауыр бұзылыстары бар балалар мен ересектерге өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік беретін бірнеше паралимпиадалық спорт түрінің бірі.
Қазақстанда бочча спортының ресми дамуы 2021 жылы басталды. Дәл сол жылы «Қазақстан Бочча Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылып, елімізді халықаралық аренада танытып, ұлттық чемпионаттар мен кубоктарды ұйымдастыруды қолға алды.