Биыл қазақстандық спортшылар халықаралық аренада 50-ден аса тарихи жетістікке қол жеткізді

Биыл қазақстандық спортшылар халықаралық аренада 50-ден аса тарихи жетістікке қол жеткізді
Фото: Халықаралық конькишілер одағы

2025 жылы Қазақстан ірі халықаралық спорттық жарыстар өтетін алаңға айналды. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жылды қорытындылау барысында мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Оның айтуынша, биыл шорт-тректен ұлттық құрама Азия ойындарындағы алғашқы алтын жүлдені жеңіп алса, фристайл-акробатика мен семсерлесу спорт түрлерінен тұңғыш медаль бұйырды. Сонымен қатар дзюдо, бокс, көркем гимнастика, мәнерлеп сырғанау, садақ ату және парабиатлон бойынша жоғары нәтижелер тіркелді. «Қайрат» футбол клубы өз тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шыққанын айрықша атап өтуге болады. 

Сондай-ақ 2025 жылы Қазақстанда бокстан және фристайлдан Әлем кубогі кезеңдері, дзюдодан Grand Slam турнирлері, сондай-ақ бірқатар олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстар өткізілді. Бұған қоса, елімізде алғаш рет Азия Паралимпиялық комитетінің конференциясы мен Бас ассамблеясы ұйымдастырылып, Қазақстанның Азиядағы инклюзивті спорт орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түсті. 

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Туризм және спорт министрлігінің жыл сайынғы дәстүрге айналған «Үздік-2025» спорт сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде астаналық жас гимнасшы Ақмарал Ерекешева жылдың үздік жас спортшысы атанды.