Референдум-2026

Бектенов ЖИ енгізу үшін мектептердің инфрақұрылымын жарақтандыру мәселесін көтерді

Бүгін, 11:41
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Бектенов ЖИ енгізу үшін мектептердің инфрақұрылымын жарақтандыру мәселесін көтерді
Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов білім беру бағдарламаларына ЖИ енгізу үшін мектептердің инфрақұрылымын жарақтандырудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, техникалық базаның дайындығына, әдістемелік сүйемелдеуге және ауылдық мектептерде цифрлық ортаны дамытуға назар аударылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері кешенді түрде шешіліп жатқанын, цифрлық сауаттылық және информатика бойынша оқу жоспарлары жаңартылғанын, мамандандырылған әдістемелік ұсынымдар әзірленгенін, сондай-ақ педагогтар үшін біліктілікті арттырудың ауқымды курстары ұйымдастырылғанын баяндады.

«Жасанды интеллект технологияларын енгізуге байланысты ауылдық жерлердегі мектептердің инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда 7 971 мектепте интернет байланысының сапасына тексеру жүргізілді. Оның ішінде 1 600 ауылдық мектепті Starlink арқылы интернетке қосу мәселесі шешілді. Сонымен қатар, тиісті әдістемелік ұсынымдар дайындалды. Цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу шеңберінде «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндері бойынша оқу бағдарламалары жаңартылды. Олар цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллектіге, сондай-ақ информатика мен жасанды интеллектіге қатысты бағыттарды қамтиды. Оқу бағдарламаларында жасанды интеллектіні зерделеуге 43 сағатқа дейін уақыт қарастырылған. Олар жасанды интеллект технологияларын игеру, оларды білім беру процесінде тиімді қолдану, сондай-ақ жасанды интеллектіні пайдалану кезінде этикалық нормаларды сақтау мәселелерін қамтиды», - деп атап өтті министр.

Жалпы ауыл мектептері үшін 19-дан астам әдістемелік ұсынымдар әзірленді. 240 мыңға жуық педагог білім беру процесіне жасанды интеллект негізінде ассистенттерді енгізу бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Еске сала кетейік, 2,6 мың шағын жинақты мектепте ЖИ технологиялары енгізіледі.