Балаларға арналған шұбат: Маңғыстауда ел бойынша алғашқы жоба іске қосылады
Қыркүйек айынан бастап Жаңаөзен қаласындағы 25 мектептің оқушыларына түйе сүтінен дайындалатын дәстүрлі сусын – шұбат беріледі. Бұл – ұлттық сусынды мектеп оқушыларының тамақтану рационына жүйелі түрде енгізуге бағытталған Қазақстандағы алғашқы жоба, деп хабарлайды Elordainfo.kz Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жоба жаңа өндіріс орнының іске қосылуымен жүзеге асып отыр. Бүгін, 26 тамызда Жаңаөзен қаласында «Нар-Бота» шұбат құю цехының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, қала ақсақалдары, кәсіпкерлер және қоғам өкілдері қатысты.
Жоба, ең алдымен, балалардың денсаулығын нығайтып, олардың табиғи әрі сапалы өнім тұтынуын қамтамасыз етуге бағытталған. Құнарлы сусынның құрамында ақуыз, кальций, фосфор, В тобының дәрумендері және ағзаға қажетті өзге де пайдалы заттар бар.
«Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың денсаулығы мен құнарлы тамақтануы басты басымдықтардың бірі болуға тиіс. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев фастфуд өнімдерінің агрессивті жарнамасы мәселесіне және өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды. Шұбатты мектеп ас мәзіріне енгізу бастамамыз – осы бағыттағы нақты қадам. Сонымен қатар бұл – отандық өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығы мен түйе шаруашылығын дамыту, жергілікті өндірушілер үшін тұрақты нарық қалыптастыру. Табиғи әрі сапалы жергілікті өнімдердің балаларымызға қолжетімді болуын қамтамасыз етуіміз керек», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жалпы аумағы 300 шаршы метр болатын өндірістік алаң жылына 400 тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Кәсіпорында түйе сүтін қабылдау және өңдеу, шұбат дайындау, өнімді құю және сақтау процестері жолға қойылған. Жаңа өндірістің іске қосылуы жергілікті түйе шаруашылығы қожалықтары үшін де жаңа мүмкіндік ашып, олардың өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастыруға жол береді.
Еске салайық, бұған дейін Президенттің фаст-фудтың жарнамасына қатысты проблеманы мұқият зерделеуді тапсырғаны туралы жаздық.