Әзербайжанға үш жаңа әуе бағыт ашылады
Ұшу географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру жөніндегі жұмыс барысында Әзербайжанға үш жаңа бағыт ашылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
16 маусымынан бастап AZAL әуе компаниясы Шымкент – Баку бағыты бойынша аптасына 3 рет жиілікпен жаңа тұрақты рейстерді орындауды бастады. Нәтижесінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы рейстер саны аптасына 30-дан 33 рейске дейін ұлғайды.
Сонымен қатар, әуе компаниясы Ақтөбе – Баку бағыты бойынша аптасына 3 рет және Атырау – Баку бағыты бойынша аптасына 4 рет тұрақты рейсті орындауды жоспарлап отыр.
Министрліктің мәлімдеуінше, жаңа бағыттардың ашылуы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал етеді.
Еске сала кетсек, елорда әуежайы жыл басынан бері 3,3 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсетті.